Алып анадан туады

Күнделiктi тiршiлiктiң күйбеңiмен жүрiп, қасыңда күнде көрiп жүрген адамдардың әр-түрлi қиын соқпақтармен өткiзген өмiрлерi туралы өзiмiз қозғау салып, суыртпақтап сұрамасақ, сол күйiнде жұмбақ қалпында қалып, ұрпаққа жетпей өздерiмен кететiнi өкiнiштi. Ал баяндалған жағдайда тарих парағына түсiп болашақ ұрпаққа татымды қазына, салауатты сабақ болары сөзсiз. Раң ауылының қадiрмендi қарты, марқұм Мүсiрәлиев Уәлихан қарияны көзі тірісінде Сұлтанбек Қожановқа туыстық жақындығы туралы әңгімеге тартқан едім. Сонда ол кісі:

-Мен 1934 жылы Өзбекстан ССР Самарқан облысының шекарасына таяу Жартытөбе деген қыстақта туылыппын. Бұл жаққа атамыз Мүсiрәлi  мен туылмай тұрғанда  “Аллаһудан” бұрын 1928 жылы байдың тұқымы деп қудалау басталғанда Созақтан Түркiстан, одан әрi Келес арқылы  көшiп келген екен. Көшiп келген соң бұл  жақта түйелерiн кiреге берiп күн көріпті. Мүсiрәлi  атамыз 49 жасында науқастан қайтыс болады. Мүсiрәлiнiң әкесi Тоққожа. Сол Тоққожаның бәйбiшесiнен Ақшақыз, Алмақыз, Мүсiрәлi, Айнақыз деген үш қыз, бiр ұл, тоқалынан Бегайна, Бекшора деген бiр ұл, бiр қыз болады. Бәйбiшеден туылған екiншi қыз Алмақыз Сұлтанбек Қожановтың анасы.

Алмақыз апамыздан Сұлтанбек, Райс деген екi ұл, Бұзау, Уәзипа деген екi қыз болған. Бұзау Шолаққорғандағы Қайдакештiң анасы. Сұлтанбек есейiп  қоғамдық салада қызмет  атқарып жүрген кезде көп адамдарға қамқор болғаны тарихтан белгiлi.

Әкеміз Алмақыз апамыз туралы есіне жиі алып айтып отыратын. Ол кісі өте ұяң, сыпайы, үй ішін, үй маңайын таза ұстап, өн бойына шаң жуытпайтын тазалықты жаны қалайтын жан болыпты. Өсек, аяң, артық әңгімеге жоқ, қолы қалт етсек көрпе-жастық тыстап, киіз басып, құрақтың неше түрін құрайтын, тойға арнап сәндік қазақы көйлектер тігетін ісмер кісі болған екен. Мүсiрәлiнiң Ақпанбет, Бимағанбет, Айтмағанбет деген үш ұлы болады. Менiң әкем Ақпанбет соғысқа дейiн түйе кiрелейдi, жылқы бағады, сөйтіп жүріп қызыл қырғыннан әупiрiмдеп аман қалады. Ал соғыс жылдары жұмысшылар батальонында болып  соғыста қираған қалаларды  қалпына келтiруге белсене  атсалысып бертiнде қайтыс болады. Кiшiсi Айтмағанбет оқу iздеп Сұлтанбектi паналап Ташкенге барады. Барған соң оны Сұлтанбек үйiне паналатып, өз қамқорлығына алады. Аймағанбет сол үйде жатып бастауыш мектепте оқып сауатын ашады. Класс бiтiргесiн салық жинаушы, милиция болып жұмыс iстейдi. Мiнезi тiктеу, батыр  шалыс кiсi болған екен. Сұлтанбек Қожанов ұсталардан бұрын  Келес өңiрiнде Абайдан Ташкенге кiрер жердегi Ыстық су маңайында Амангелдi, Жданов колхоздарын құрады. Осы Жданов колхозында әкем Ақпанбет жылқы бағады. Бiр күнi менiң әкемнiң кiре тартып жүрген түйесi өзбек ағайындардың мақтасына түсiп кетедi. Содан әкемдi түрмеге жауып тастайды. Хат-хабар жоқ. Бiр күнi түрмеге келген  бiреуден Сұлтанбекке хабар айтады. «Мен  жазықсыздан жазықсыз түрмеге жабылдым. Қол ұшын берсiн дейдi».  Содан Сұлтанбек естiген соң өзi келiп босаттырып алады. Осы кезеңде Сұлтанбек Қожанов Өзбекстанға бiрiккен бес Республиканың басшысы болып тұрады. 1936 жылы Сталин  Орталық комитетке жиынға шақырады.

Сұлтанбек  жиынға тез жету үшiн паравоздың басымен барады және әрбiр станцияда келесi паровозды даярлап отырады соған ауысып  отырып барса жиын басталып қойыпты.

Жиналыс бiткен соң Сталин Сұлтанбектi жеке шақырып алып  “ Қожанов жолдас  шаршап жүрген шығарсың Қара теңiзге барып демалып қайт дейдi” Сұлтанбектiң iшi қылп ете қалады. Бiр қатердi сезiп ”Бұл бiздiң соңғы кездесуiмiз шығар  дейдi ” iшiнен. Ол не болсада сырын iшiне бүгiп кетедi де курорттың бiтуiне үш күн қалғанда курорттан ешкiмге бiлдiрмей кетiп қалады. Келген бетте  амандық-саулықтан соң, нағашы iнiсi Айтмағанбетке айтады.

-Сен қазiр үйден тура банкке барда менiң атымдағы ақшаны өз атыңа аудар. Сен менi танымайсың мен сенi танымаймын. Басыңа бұлт үйiрiлуi әбден мүмкiн. Сондықтан бас сауғалап қаш. Елге барма, екеумiздiң онсызда оларға кесiрiмiз тиiп жатқан болар,- дейдi Сұлтанбек. Өйткенi ол кезде жаппай қызыл қырғынның басталған уақыты болатын. Егерде ұстала қалсаң «Сұлтанбектiң үйiнде су тасып отынын жарып жүрген жалшысымын» деп айт дейдi. Айтмағанбет банкке барып ақшасын өз атына аударып келсе, есiктiң алдында машина тұр екен. Жүрегi зу етiп атқақтай соғып бұрыштан сығалайды. Сұлтанбектi ұстап шыққанда  ол бұның бұрыштан қарап тұрғанын байқап “кет” деп ымдағандай болады. Артынша жаппай Сұлтанбектiң  ауылдағы туған-туыстарын ұстау, қамау науқаны басталады және бұл науқан көбiне ел ұйқыға кеткенде орындалып отырады. Осы жайдан хабары бар менiң әкем Ақпанбет «Жданов» колхозының жылқысын күндiздетiп, түнделетiп жайып, ауылға азық-ауқат алғанда болмаса былайша соқпай далада жылқы соңында жүрген. Ал Айтмағанбет сол бетiнде үйдiң бетiн көрмей қашып жүрген, алайда бұрын оны танып бiлетiн бiреулер «Бұл Сұлтанбектiң iнiсi, үйiнде жүретін» десе бiреулер «Созақтан келген нағашысы деп» қайда жүргенiн аңдып Ташкенде НКВД-ға ұстап берген. Күзде Ташкенде ұсталған соң Айтмағанбеттi Сарыағаштың “Көктерек ” деген жерiнде “Халық жауларын” қамайтын түрмеге жабады. Сен Сұлтанбектiң үйiнде жатыпсың, нағашысы екенсiң, iнiсi екенсiң дейдi. Сұлтанбектiң сыртынан жазылған жалған жалаға  “рас ” деп қол қой, өзiңдi босатып жiберемiз дейдi. Сауатты Айтмағанбет оған келiсе қоймайды және Сұлтанбектiң ақ, адал екенiне, ертең–ақ ақталып шығатынына сенiмдi болып, бұл бiр жаңылыс болған нәрсе деп ойлайды. ”Мен оның есiгiнде  отынын жарып, суын тасып беретiн жалшысымын” деген бiр сөзден артық жақ ашпайды. Түрлi  айлакерлiк әдiстер мен зорлық, зомбылықтың неше атасын көрсетiп, күндiз-түнгi тергеу үш айға созылады. Күндегi әдет бойынша ұрып-соғып өзендегi суға салып, сақылдаған сары аязда  түрменiң ауласында ұстайды. Содан кейiн “Бала -әкеге күймейдi, әке -балаға күймейдi” деген Сталиннiң саясатымен босанып шығады. Айтмағанбеттен қалған бiр бала Уфада жүрiп қайтыс болды. Бимағанбет  ертеректе қайтыс болды. Жалпы  сол зұлматты жылдарда көптеген адамдармен қатар жазықсыз жаланың құрбаны болған бұл әулет көп қиындық көредi. Сұлтанбектiң нағашыларынан көзi тiрi қалғандардың iшiндегi жасы үлкенi мен  Сұлтанбек ақталған  соңда  әкем Ақпанбет өлгенiнше бұл әңгiме туралы ешкiмге жақ ашпай кеттi,- деп әңгiмесiн аяқтаған еді, марқұм Уәлихан қария. Кеудесi шежiреге толы қарттың кейiнгi ұрпаққа айтар толымды әңгiмесi көп болатын…

Ер есiмi ел есiнен ешқашан шықпақ емес. Дана қазақта “Арқа сүйер нар тұлғалы нағашың болғанға не жетсiн” деген берекелi сөз осындайда ерiксiз еске түседi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *