Ерекше бала Елмұратты қуаныш бөледі
Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Балаларға қуаныш сыйлау әр ата-ананың міндеті болса, оларға қамқорлық көрсету барша азаматтың парызы. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Астана қаласының «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлымен бірге аудандағы ерекше балаларға сый-сияпат көрсетті.
Қазақстанның 30 жылдық елді мекенінің тұрғыны Елмұрат балақайдың шаңырағына арнайы барып, сый-құрметтерін тарту етті. Кездесу барысында Нұрлан Байжігітұлы балақайдың ата-анасына алғыс білдірді. Өз сөзінде — “Алла тағала ерекше сәби бергенде оны күтіп қарау, қамқорлық жасау үлкен сауапты дүние. Сіздерден Алла разы болсын, бала-шағаңыздың қызығын көріңіздер. Бұл баланың шарапаты, шапағаты болады сіздерге. Дүниеде ақыреттеде”, — деді имам.
Кездесу соңында қуанышқа кенелген балақай мен оның отбасы елімізге танымал Нұрлан Байжігітұлымен естелікке суретке түсті. Дін қызметкері Нұрлан имам отбасы мүшелеріне ақ батасын беріп, амандықта жолығуды тіледі.
Түркістан облысында 11 мыңға жуық мүгедек бала бар, оның 30 пайызы жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан. Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде 110 мыңнан астам адамы бар 27 мың отбасы АӘК алады. Осы отбасыларда 70 мыңнан аса бала тәрбиеленіп отыр. Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша аз қамтылған отбасыларда 1-6 жас аралығындағы 48,7 мың бала бар. Оларға өткен жылы 1 млрд. 695,2 млн. теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды.
Биыл көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, 4 балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін көбейсе, айталық 10 баласы бар отбасыларға ол 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өскен.