Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап көрікті мекендерге саяхат ұйымдастырылды
Жақында Сайрам ауданы Арыс ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және Сайрам аудандық мәслихатының депутаты К.Тажиевтың демеушілігімен аталмыш ауыл округінде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға тосын сый жасалды. Онда ауыл округіндегі мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы мүгедектігі бар балалардың білім көкжиегін кеңейту мақсатында, Шымкент қаласындағы «Қиял Әлемі» саябағына, қаланың көрікті жерлеріне, хайуанаттар бағына саяхат ұйымдастырылды. Саяхат барысында балаларға тәтті балмұздақтар таратылып, дастархан жайылды.
Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үй жағдайында қызмет алушы 100-ге жуық ерекше бала ата-анасымен бірге Шымкент қаласындағы «Зообақ», «Қиял әлемі» демалыс орындары мен «Shymkent sity mall» Play park ойын-сауық орталықтарын аралады. Түрлі жан-жануарларды тамашалап, көңілдерін бір сергітіп қайтты. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан балаларға арнайы сыйлықтар берілді.
Өз кезегінде, ата-аналар мен балақайлар көңілдерін қуанышқа кенелтіп, демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерге, ауданға қарасты Ақсукент, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Көлкент, Құтарыс ауылдық округі әкімдіктері мен Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының», сонымен қатар, арнайы ілесіп барған Сайрам Ауданы Полиция Басқармасы қызметкерлеріне шын жүректен алғыстарын айтты.
Айта кетейік, айрықша балалар мен олардың ата-аналарының жүректерін жылулыққа толтыратын осындай ізгі істер аудандағы өзге де ауылдық округ әкімдіктерінде жалғасын табуда.