Жеңгесі жақсы қандай-ды…
Қазақ дәстүрінде жеңгенің орны қашанда ерекше. Жақсы жеңге ананың орнын жоқтатпайды. Босаға аттағанда қайын жұртын бақытты қыламын, шаңырақты шаттыққа бөлеймін деп келетін келін қайынсіңлілерімен сырласындай, қайныларымен құрдасындай бола біледі.
Десе де, батыстың қаңсығын таңсық көрген кейінгі буынның арасында отбасылық құндылықтың ауылы алыстап бара жатқандай. Әсіресе, бұрынғыдай жеңгесімен сырлас болған қыздар қазір некен-саяқ. Бұрындары қазақ келіндері қайныларының, қайынсіңлілерінің аттарын ешқашан атамаған. Ауылдың үлкендерінен бастап еңбектеген сәбиіне дейін ат қойған. Себебі, үлкен кісінің есімін атау әу бастан-ақ әдепсіздіктің белгісі болып саналған. Ұлтымыздың салт-дәстүрінде жаңа түскен келін отбасы мүшелері мен жақын туыстарға, көршілерге дейін жанама ат қояды. Мұны қазақта «ат тергеу» дейді. Мәселен, мінезі тіктеу қайынсіңлісін «жуасым», жайбасар қайнысын «жүйрігім» деп атайтын жеңгелер де бар. Сондай-ақ, «Еркежан», «Бикеш», «Мырзам», «Сырғалым» дегендей еркелетіп те атай береді. Келін сонысымен де отбасыға қадірлі.
Осы дәстүрді дәріптеп, салтты сақтау, оны жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы «Жеңіс» жалпы орта мектебінде «Қыз намысы – ұлт намысы» атты тәрбие сағаты өтті. Онда ерекше отбасылық сайыс ұйымдастырылды. Сайыстың ерекшелігі сол, оған мектеп қабырғасындағы қыз балалар жеңгелерімен қатысып, қазақ отбасындағы қаймағы бұзылмаған нағыз мерейлі отбасы үлгісін көпшілікке паш етті. Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы өзара татулықтың, сыйластықтың үлгісін көрсетіп, көпті риза етті. Осылай ұмыт болып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғыртты.
Перизат ҚАБЫЛБЕКОВА,
«Жеңіс» жалпы орта мектебінің «Даналық» клубының жетекшісі.
Төлеби ауданы.