Ордабасы ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды
Ордабасы ауданында биыл 5 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі ретінде ішкі көшелерге тас төсеу жұмыстарын айтуға болады. Аталған жоспардың бірінші кезеңіне 112,3 млн. теңге бөлінді. Нысан 2024 жылға өтпелі. Жалпы ұзындығы 18 шақырым жол жөнделеді. Нысанның екінші кезеңінде тас төсеу жұмыстарына 155 млн. теңге қарастырылған. Бұл уақытта жалпы ұзындығы 25 шақырым жол жөнделеді.
Сонымен қатар, Сұлтан Бейбарыс көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 173,1 млн. теңге бөлінген. Нысан 2024 жылға өтпелі. Аталмыш көшенің 5,6 шақырымын жөндеуден өткізу жоспарланған. Қызылжар көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 74,8 млн. теңге қарастырылған. Нысан ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Мұнда ұзындығы 2 шақырым жол жөнделді. Қазыбек би және Тәуелсіздік көшелеріне орташа жөндеуге қазынадан 218,4 млн. теңге қарастырылған болатын. Нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болған. Жалпы ұзындығы 6,3 шақырым жол жөндеуден өткізілуде.
Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 459 шақырымды құрайды.
5 жылда 6 мың шақырымнан астам жол жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71 пайыздан 92 пайызға дейін жетті. Былтыр 1,5 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдың 25 қарашасында «Дарбаза– Мақтаарал» теміржолының құрылысы басталған болатын. Бұл теміржол желісінің құрылысы Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған. Оны іске асыру қолданыстағы Сарыағаш–Ташкент учаскесінен жүк ағынын қайта бағдарлауға, Сарыағаш стансасы жүктемесін түсіруге және осы бағытта экспорттық жүктерді тасымалдауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.