Сарыағашта пәтерлі болғандар көп

Сарыағаш ауданы – ауыл шаруашылығы саласына ден қойған өңірлердің бірі. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бұқаралық ақпарат құралдарына брифингте берген мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы ауданда 135,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ал, биыл диқандар мен шаруалар 149,4 млрд. теңгенің өнімін өндіреді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, ауданда жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын екі жоба қолға алынып отыр екен. Олар «Бес қара» ЖШС қолға алған ірі қара мал сою бекеті мен «Saryagash keramzit» ЖШС-нің керамзит өндіру жобасы. Сонымен қатар, «Құлпынай» пилоттық жобасы аясында Жартытөбе және Төңкеріс ауылдарында 40 отбасы грант алып, 62 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 408 құжат мақұлданып, 315 жобаға 2 млрд. 81,6 млн. теңге несие берілді. Одан бөлек, өткен жылы ауданда 232 жаңа жұмыс орны ашылып, мүмкіндігі шектеулі 405 азамат жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, ауданда 9 инвестициялық жоба іске асырылып, 186 адам жұмыспен қамтылды, – деді аудан басшысы.

Аудан азаматтарын баспанамен қамтамасыз ету саласында да біршама жұмыс атқарылыпты. Дәлірек айтсақ, 585 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталып, кезекте тұрған азамат үшін 50 пәтер сатып алынса, биыл тағы 55 пәтерге қаржы бөлініпті. Бұдан бөлек, былтыр Бағыс және Нұрлыжол елді мекендерінде 300 орынды мектеп пайдалануға берілген.

Инфрақұрылыммен қамту саласы бойынша аудандағы 63 елді мекеннің 49-ына табиғи газ жүйесі тартылып, қамту көрсеткіші 77,7 пайызды құраған. Сонымен бірге, былтыр аудандағы 50 ішкі жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 10 жолға шағал тас төселген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *