Сауран ауданындағы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне газ құбыры тартылады
Сауран ауданының 10 елді мекеніне табиғи газ құбыры жүргізіліп, өңірде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрады. 2020 жылы жеке әріптестік арқылы салынған газ құбыры өз шешімін көп жылдар бойы таппай келген. Жыл басында Бершінтөбе, Ойық, Ибата елді мекендері табиғи газға қосылды. Атап айтар болсақ, олар: Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Ибата, Бершінтөбе, Ойық елдімекендері.
Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Шорнақ ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 22,6 млрд.теңгені құрайды. Аталған жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджетке өтінім жолданды. Бұйыртса, биылғы жылыБабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Әсіресе, жұмысы тоқтап қалған «сақалды құрылыстардың» да шешімі табылып, нысандар іске қосылып жатыр.
Ресми деректерге жүгінер болсақ, Түркістан облысында 2 млн. 119 мың 063 адам өмір сүретін 832 елді мекен бар. Соның ішінде 1 млн. 649 мың 464 тұрғыны бар 513 елді мекен (61,6 %) табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Өткен жылы облыста 107 нысанның құрылысы жүрді. Бұл үшін ұлттық қордан – 8,3 млрд., республикалық бюджеттен – 2,2 млрд., ал, облыстық бюджеттен – 7 млрд. теңге, жалпы 17,5 млрд. теңге бөлінді. Сөйтіп, 60 нысанның (48 елді мекендегі газ құбыры, 3 АГТС, 3 жеткізуші газ құбыры, 11 шағынаудандағы газ нысаны) құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 111 876 тұрғын «көгілдір отынға» қол жеткізді. Қалған 47-сі биылға өтпелі нысандар.