Бананнан көп пайда табуға болады

Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі «Gen Group Kazakstan» ЖШС-нің жылыжайында 5,3 гектар аумаққа банан өсірілуде. Серіктестік басшысы Ислам Алиевтің айтуынша, 1-2 ай көлемінде алғашқы өнім де дастарқанға түсіп қалады. Түркиялық технологиялар негізінде іске қосылған жылыжайға 7400 түп банан ағаштары былтыр отырғызылған болатын.

Жылына 1000 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырған кешенде бүгінде 150 адам жұмыс істейді. Бұл өнім Қазақ-станның ішкі нарығын толық қамтиды деген болжам бар. Бүгінде Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма сынды басқа да экзотикалық жемістер өсірілуде.

2024-2025 жылдар аралығында Сайрам ауданында жалпы құны 593,3 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 3700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған болатын. Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің айтуынша, олардың 18-і биыл іске қосылып, 2 652 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

– Инвестициялық жобалардың қатарында құны 800 миллион теңгені құрайтын «Neo Life Clinik» медициналық орталығы бар. Емдеу-сауықтыру орталығында 60 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, «Shagyr Agro Group» ЖШС-і биыл құны 900 миллион теңгені құрайтын жеміс пен көк-өніс сақтау қоймасын іске қоспақ. Онда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, аудан үшін аса маңызды заманауи мал бордақылау алаңы, мал сою цехы, салқындатқыш қоймалар, тоңазытқыш камералар және ет өңдейтін цех кешендерінің де жұмыстары басталмақ. Жалпы, 2023 жылы ауданға 51,6 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш 135 млрд. теңгеге жеткізілмек, – дейді аудан басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *