Сауранда мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне арналған көпқабатты 8 тұрғын үй салынады

Сауран ауданның әкімшілік іскерлік орталығынан 38 гектар жер бөлінген. Бүгінгі таңда әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция бөлімі және аумақтық органдары ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  Қазіргі таңда ауданда 1 198 адам тұрғын үй кезегінде тұр.Бюджеттік мекемелерде қызмет жасайтын 358 азамат өзге аудан және қалалардан келіп жұмыс істейді.Азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында көпқабатты 8 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттар әзірленуде.

Айта кетейік, Түркістан облысында 68 мыңнан астам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Олардың заңдылығын анықтау барысында талап бұзған 5 мыңнан астам адам тіркеуден шығарылды. Бүгінде баспанаға мұқтаж 63 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалға алып отырған баспана ақысының 50 пайызын мемлекет төлеп береді. Арнайы тексеру қорытындысы жалдауды субсидиялаудан да заңсыздық анықтаған. Олардың басым бөлігі Жетісай мен Сарыағашта орын алған.

Жақында осы және өзге де маңызды мәселелер талқыланған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй мәселесін шешу әр әкімнің міндеті екендігін айтты.

–Халықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш – баспана. Мұқтаж жандарды баспанамен қамту, олардың тұрмысын түзету, әлеуметтің әлеуетін арттыруға мұрындық болу – әр әкімнің міндеті. Сондықтан осы жұмыстарға бар күшімізді салуымыз керек. Жалғыз жол – инвестиция тарту. Инвестордың қолынан жетектеп жүріп, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасау керек. Әр аудан, қала әкіміне инвестиция тарту бойынша көрсеткіш міндеттеледі, – деді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *