Палау фестивалі – түрлі ұлттарды бір шаңырақ астында ұйыстыратын ауқымды шара
Жақында Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында палау фестивалі өтті. Шараны округ әкімшілігі ұйымдастырды. Оған жергілікті депутат қолдау білдірді.
Сайысқа Қарамұрт ауылының 7 аспазы қатысып, олардың аталған тағамның бірнеше түрін дайындап, ұсынды. Тағамның дәмі мен аспаздың шеберлігі сынға түскен фестивалде жергілікті ақсақалдар төрелік жасады.
— Бүгінгі палау фестивалі жаз айларындағы іс-шараларда бекітілген. Жалпы жиынның мақсаты — ұлттық құндылықтардың берік сақталуы мен өскелең ұрпаққа үлгі насихат көрсету болып табылады. Бұл шара соның көрінісі, — деді Қарамұрт ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиев.
Нағыз шебер, үздік аспаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтар болсақ, бірінші орынды Әбдірасұл Муккарамов жеңіп алды. Ал екінші орынАбзал Наматаев есімді аспазға бұйырды. Үшінші орынды Махмуд Сатыбалдиев иеленді.
Айта кетейік, жалпы Түркістан облысы республикада халық ең тығыз қоныстанған өңірге жатады. Бүгінде өңірімізде 50-ге жуық этностың өкілі ынтымақта өмір сүріп келеді. Соның 40-ы көпұлтты аудан саналатын Сайрамда тіршілік етуде. Олардың 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді, 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олар түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды.