ТМД байқаушылары жұмысын бастады
ТМД елдерінің байқаушылар миссиясы кезектен тыс Мәжіліс сайлауына дайындық барысы мен саяси науқанды өткізу іс-шараларына қатысты мониторинг жүргізуді бастады. Бұл туралы ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
Алдымен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Л.Анфимовпен кездесіп, алдағы сайлау науқанының негізгі кезеңдері туралы ақпарат берді. Атап айтсақ, партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары, саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу бойынша жеребе тарту нәтижелері, жалпы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу, оның ішінде бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланған кандидаттарды тіркеу және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу барысын баяндады. ОСК төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда 16 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 163 халықаралық байқаушы аккредиттелген.
Сондай-ақ ол ТМД байқаушылары миссиясына елімізде бұған дейін өткізілген сайлауларға тұрақты қатысқаны үшін алғыс айтып, Миссияның осы саладағы үлкен тәжірибесін атап өтті. Ал Миссияның жұмысын ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов арнайы брифингте таныстырды.
– Бұл біздің Қазақстандағы Парламент және Президент сайлауындағы 17-ші және жалпы ТМД кеңістігіндегі 120-шы миссиямыз екенін атап өткім келеді. ТМД байқаушылары миссиясының құрамына ТМД мемлекеттері өкілдерінен бөлек, ТМД-дағы қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының, Беларусь пен Ресей парламенттік ассамблеясының, ТМД Атқарушы комитетінің байқаушылары кіреді. ТМД байқаушылары миссиясы мүшелерінің жалпы саны шамамен 200 адамды құрайды. Кеше ТМД байқаушылар миссиясы Астанада жұмысын бастады, – деді Л.Анфимов.
Сонымен қатар миссия өкілдері саяси партиялардың сайлауалды штабтарымен, депутаттыққа кандидаттармен бірнеше кездесу өткізіп, барлық деңгейдегі сайлау учаскесінің жұмысымен танысады. Байқаушылардың негізгі тобы дауыс беруге 2-3 күн қалғанда, яғни 16-17 наурызда Астанаға келеді деп жоспарланған. Миссия байқаушылары дауыс беру барысын тек Астанада ғана емес, елдің өзге де өңірлерінде байқайтын болады.