Президент тапсырмасы: Балықты өзенінің бойында шағын туристік аймақ құрылмақ
Туризмді ел экономикасының өсіміне серпін беретін әрі инвестиция тартуға қабілетті маңызды салалардың бірі болып табылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның географиялық орналасуының қолайлы екенін, табиғи ландшафттарының алуан түрлілігі мен бай тарихи-мәдени мұрасының зор әлеуетке ие екенін және осы мүмкіндіктердің туризм саласында әлі де толық деңгейде пайдаланылмай отырғанына үнемі назар аударып келеді.
Бүгінде Президенттің осы бағыттағы тапсырмалары өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылуда. Солардың қатарында табиғи-климаттық ерекшелігімен, көркем ландшафтымен және экологиялық тазалығымен ерекшеленетін Түлкібас ауданы бар. Аудан аумағы туризм кластерін дамытуға таптырмас аймақ саналады. Таулы-орманды белдеулер, өзен-көлдер мен таза ауасы ішкі туризмді өркендетуге үлкен мүмкіндік береді.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында Түлкібас ауданында ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынуда. Атап айтқанда, аудан аумағында шағын туристік аймақтар құру жоспарланып отыр. Бұл бағытта ауданның табиғаты көркем өзен бойлары мен тау бөктерлері жан-жақты зерделеніп, болашақта инфрақұрылымды жақсарту, демалушыларға қолайлы жағдай жасау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге Шарафкент ауылының маңында орналасқан, Балықты көлінен бастау алатын Балықты өзенінің бойында шағын туристік аймақ құру мәселесін пысықтады. Жергілікті жердің табиғи ерекшеліктері мен туристік әлеуеті ескеріле отырып, жобаның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.
Жоспарға сәйкес, алғашқы кезеңде 5 гектар жер аумағында 20 дана шағын демалыс үйшіктерін салу мәселесі қарастырылуда. Жобаны жүзеге асыру барысы, инженерлік инфрақұрылым тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары да егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл туристік аймақтың басты ерекшелігі – жобаға тек осы округтің тұрғындары ғана қатыса алады. Яғни, қызығушылық танытқан әрбір округ тұрғынына шамамен 25 соттық жер телімі беріліп, бекітілген біркелкі дизайн талаптарына сай шағын үйшік салу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Аталған жоба арқылы жергілікті тұрғындарды туризм саласына тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл экономикасын дамыту және ауданның туристік тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, олардың табыс көзін кеңейтуге жол ашатын болады.
Аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы жобаны барынша тиімді әрі жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында барлық бағытты жан-жақты зерделеу, экономикалық тиімділігін есептеу және нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде жауапты мамандарға тапсырма берді. Алдағы уақытта бұл жоба Түлкібас ауданының ішкі туризмін дамытуға серпін беріп, табиғи байлықты тиімді пайдаланудың үлгілі тәжірибесіне айналады деп күтілуде.
