Президент тапсырмасы: Ордабасыда заманауи перинаталдық орталық салынуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқының денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары ұлттық медицина саласы қарқынды дамып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Жаңа перинаталдық орталықтың салынуы ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Нысан Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: Қазір және әрдайым» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Аталған бастама елімізде заманауи жабдықтармен қамтылған, жоғары білікті мамандар қызмет көрсететін перинаталдық орталықтар желісін қалыптастыруды көздейді.

Құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобалық-сметалық құжаттаманы «ЦАПСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Ал, құрылыс жұмыстарын «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-і жүргізуде. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуы техникалық және авторлық қадағалау ұйымдарының тұрақты бақылауында болады.

Жоспарға сәйкес перинаталдық орталықтың құрылысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, 2028 жылдың соңында толық аяқталады. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады. Ал, нысан 8 гектар аумақта бой көтермек. Жобаның жалпы құны 45,8 миллиард теңгені құрайды.

Бұл орталық пайдалануға берілген соң Ордабасы ауданының ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындары да жоғары деңгейдегі перинаталдық медициналық қызметке қол жеткізетін болады. Ең бастысы – ана мен бала денсаулығын сақтау көрсеткіштері жақсарып, күрделі жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектің сапасы едәуір артады.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында тиісті жұмыстар бастау алды. Мамандардың айтуынша, нысан барлық заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылады.

Жаңа перинаталдық орталық – бұл тек медициналық ғимарат қана емес. Бұл – аналарға көрсетілер қамқорлықтың, сәбилерге жасалар сенімді қадамның және аудан халқының болашағына деген үміттің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлт саулығын нығайту жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете бермек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *