МАЛ АРАСЫНДАҒЫ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

 Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен «Сібір жарасы» ауруының алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесіне арналған жедел штабтық жиын өтті.
 Жиын барысында Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова аудандағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасап, қазіргі ахуал мен қауіп-қатер деңгейіне тоқталды.
 Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы эпидемиологиялық жағдайдың маңыздылығына назар аударып, аудан көлемінде ветеринариялық және санитариялық талаптарды қатаң сақтау, аурудың алдын алу шараларын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
 Жиын барысында аудан әкімі ветеринариялық бақылауды күшейтіп, мал өлекселерін көму ережелерін қатаң сақтауды тапсырды. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіліп, аудандық мал базары аумағына бейнебақылау жүйелерін орнату қажеттігі ескертілді.
Ауыл шаруашылығы, ветеринария, полиция және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің өзара іс-қимылын жандандыру маңыздылығы да сөз болды. Аудандық ветеринария бөлімі мен инспекциясына мал басын толық қамту арқылы вакцинация жұмыстарын белгіленген мерзімде және сапалы орындау тапсырылды.
Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тұрғындармен және малмен тікелей жұмыс істейтін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитариялық нормаларды бұлжытпай орындау қажеттігін еске салды.
 Жиын қорытындысы бойынша қатысушы мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, өзара үйлестіру және жедел әрекет ету тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылданды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *