Президент тапсырмасы: Бәйдібекте халықты тұрғын үймен қамту ісі жалғасып жатыр

Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үй мәселесі – басты әлеуметтік басымдықтардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында тұрғындардың тұрмысын жақсарту, әсіресе көпбалалы және әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілген. Осы орайда, Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде көптен күткен қуанышты оқиға орын алды. Яғни жаңа 2 қабатты, 8 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 8 отбасы пәтерлі болды. Бұл игі істің жүзеге асуына мердігер мекеме – «Мөлдір бұлақ суы» атсалысты.

Жаңа пәтер кілтін салтанатты түрде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Бақыт Тұрсынәліұлы Қырғызалиев табыстап, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай да жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспананың босағасы шаттыққа толсын деген жылы лебізін білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында тұрғын үй саласын дамытуға баса назар аударылып келеді. Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға баспана беру арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылады. Шаян елді мекеніндегі бұл тұрғын үйдің пайдалануға берілуі –Жолдауда айтылған міндеттердің нақты көрінісі. Жаңа баспаналар отбасы институтын нығайтып, жастарға сенімді болашақ сыйлайды. Тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, осындай қолдау арқылы еліміздің әр өңірінде тұрғын үй мәселесі шешілетініне сенім артып отыр.

Аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Тұрсынәліұлы Қырғызалиев жаңа пәтерлердің салтанатты табысталуында мұндай жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Бұл — мемлекет пен жергілікті биліктің тұрғындарға деген сенімі мен қолдауының көрінісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *