Жолдау жүктеген міндет: Сауранда газдандыру қарқын алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Инфрақұрылымды дамыту – елдің әлеуметтік-экономикалық прогресінің басты кепілі. Газдандыру, сумен жабдықтау, жол салу сияқты мәселелер бойынша өңірлердегі теңсіздікті жою – Үкіметтің басты міндеті», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде аталған Жолдауда жүктелген осынау міндетті орын мақсатында Сауран ауданында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық, жақында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде құрылыс жұмыстарының барысымен арнайы танысып, алғашқы кезеңдегі жұмыстарды бақылап қайтты. Жоба аясында мердігер мекемелер, жауапты бөлімдер мен жергілікті тұрғындар қатысқан кездесуде аудан басшысы жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, құрылыс сапасы мен уақытылы аяқталуына баса назар аударылуы тиіс екенін қадап айтты.
Орайы келгенде тарқатыңқырап айта кетейік, Шорнақ ауылында 43,7 шақырым газ құбыры тартылып, 634 газ реттеу пункті орнатылады. Жоба іске қосылған соң 975 үй немесе шамамен 4 850 тұрғын табиғи газға қосылады. Ал, Қосмезгіл елді мекенінде 59,7 шақырым газ құбыры салынып, 950 газ реттеу пункті орнатылады. Бұл жоба 1 470 үйді немесе 7 350 тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров: «Газдандыру – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған басты бастама. Бұл жобалар жүзеге асқанда тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін табады. Сондықтан жұмыстың әр кезеңі сапалы әрі дер кезінде орындалуы қажет», – деп атап өтті. Кездесу соңында ауыл тұрғындарының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар, мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс барысының кезең-кезеңімен халыққа ашық түсіндіріліп отыруы міндеттелді.
Бұйыртса, аталған жобалар толық іске асқанда Шорнақ пен Қосмезгіл елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен табиғи газға қосылып, тұрмыстық жайлылық жаңа деңгейге көтерілетін болады.
