Президент тапсырмасы: Ордабасы ауданында 25 инвестициялық жоба іске асырылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық үлгіге өтуі бойынша бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Президент айтқан ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталды. Бұл орайда Ордабасы ауданында тындырымды тірліктер мен жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жалпы Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Айталық, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында биылғы жылдың 7 айында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл көрсеткіштер аудан халқының тұрмысын жақсартып, өңір экономикасының өрлеу жолында екендігін айғақтайды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында ауданның жалпы өңірлік өнімі 100,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,1 пайыздық өсім көрсетті (2024 жылдың 7 айы – 64,4 млрд теңге). Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 196,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер, яғни халықтың табысын арттыру, бюджетті тиімді игеру және орта бизнесті дамыту бағытында аудан көлемінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның айғағы ретінде, 2025 жылы жалпы құны 122,4 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 1084 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Аталған жобалардың 13-і өнеркәсіп саласына (116,7 млрд теңге, 926 жұмыс орны), 6-ы туризм саласына (4,5 млрд теңге, 104 жұмыс орны), ал қалған 6 жоба сауда саласына (1,2 млрд теңге, 54 жұмыс орны) бағытталған.
Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегіне дейін өнеркәсіп саласында жалпы құны 11,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асып, 367 адам жұмыспен қамтылды. Бұл қатарда автоматтандырылған қыш зауыттары, алюминий және темірбетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орындары, медициналық бұйымдар мен құрылысқа қажетті материалдар өндіретін кәсіпорындар бар. Жыл соңына дейін тағы 4 жоба іске асырылып, 161 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде жоспардан тыс «Карьер Табыс» ЖШС-нің автоматтандырылған қыш зауыты да іске қосылмақ.
Өкінішке қарай, өнеркәсіп бағытында жалпы құны 103 млрд теңгені құрайтын кейбір жобалардың іске асырылуы түрлі себептерге байланысты тоқтап тұр. Мәселен, «Standart Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай-химия өңдеу зауыты Ресейлік серіктеспен сот процесінің жүруіне байланысты тоқтап қалды. Ал, тағы үш жоба инвесторлардың бас тартуына байланысты іске аспай қалды.
Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуеті де қарқынды дамып келеді. Биыл туризм саласында 4,5 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 5 жоба (2,6 млрд теңге) 122 жұмыс орнымен іске асып үлгерді. Олар: транзиттік жол бойындағы «Орда» шайханасы, «888» қонақ үйі, жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары, сонымен қатар Қажымұқан атындағы мемориалды спорт кешені. Жыл соңына дейін құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге аспақ. Мұның барлығы осы саланың дамып жатқанын көрсетеді.
Сауда саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. 2025 жылға дейін 1,2 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылмақ. Есепті кезеңде 4 жоба (970 млн теңге) іске қосылып, 44 жұмыс орны ашылды. Сауда орталықтары мен кіші базарлар пайдалануға беріліп, жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Жыл соңына дейін тағы 2 жоба (250 млн теңге) іске асырылады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсім мен даму үрдісін көрсетіп отыр. Индустрия, туризм және сауда саласындағы ірі жобалар халықты жұмыспен қамтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, ауданның гүлденуіне өз үлесін қосатын болады.
