Сарыағаш ауданында Президент Жолдауын іске асыру жөнінде кеңес өтті
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға арналған кеңес өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысты.
Кеңесті ашқан Арман Абдуллаев Президент Жолдауында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуын қамтитын жеті басым бағыт нақты айқындалғанын атап өтті:
– Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін жаңа басымдықтарды белгілеп берді. Ендігі міндет – осы бағыттар бойынша нақты жобалар әзірлеп, жүйелі жұмыс жүргізу. Әрбір жауапты басшы тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындауды қамтамасыз етуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Кеңес барысында аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев жолдаудан туындайтын іс-шаралардың аудан көлемінде жүзеге асырылу барысын таныстырды. Ол цифрлық технологияларды енгізу, аграрлық секторды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Жиын соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты сала жетекшілеріне Жолдауда айқындалған тапсырмаларды орындау үшін өңірлік арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, әрбір басшыға жұмыстың нақты мерзімін белгілеп, орындалу барысын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Бұл кеңес – Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың жол картасын нақтылау арқылы Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді көздейтін маңызды басқосу болды.
