ТӨЛЕБИДЕ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Ел игілігіне берілген бұл нысан — ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келген ел ағасы, генерал жазушы Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты.
Құны 160 миллион теңгені құрайтын спорт кешені толығымен жеке демеушінің қаржысы есебінен бой көтерді. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға үлкен мүмкіндік бермек.
«Бұл кешен – болашақ чемпиондардың жаттығып, шыңдалатын ордасы боларына сенеміз. Бүгінгі жасөспірім – ертең ел намысын қорғайтын спорт саңлағы, чемпион. Мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлем ареналарында шырқататын дарабоздар осы залда тәрбиеленеді деп сенеміз», – деп, ізгі тілегін білдірді Болат Әбжапарұлы
Спорт кешені ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулықты нығайтуға бағытталған мәдени-рухани орталыққа айналмақ. Отбасы мүшелері бірлесе келіп, түрлі спорт түрлерімен айналыса алады.
Салтанатты шарада ауыл халқы игілікті іске мұрындық болған Болат Жылқышиевке ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
«Ел мерейін – ер арттырады, ер мерейін – ел арттырады» деген халқымыздың қанатты сөзі осындай игі істерде өз мәнін табуда. Соңғы жылдары Төлеби ауданында спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілуде. Бүгінде ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 51 588 адамға жетіп, бұл аудан халқының 42,2 пайызын құрап отыр.
Қазіргі таңда Төлеби ауданында 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде: 1 – «Жастық» стадионы, 1 – тау шаңғы базасы, 2 – жүзу бассейні, 4 – спорт кешені, 1 – «Бәйшешек» оқу-жаттығу орталығы, 88 – спорт залы, 5 – ату тирі, 7 – спорттық манеж, 109 – жазықтық алаңша, 7 – бейімделген спорт зал бар.
Жаңа кешен – Кеңесарық ауылы үшін тек спортпен айналысатын орын ғана емес, жастардың болашағына салынған инвестиция. Бұл – ел ертеңі саналатын жас ұрпақтың жан-жақты дамуына арналған тамаша тарту.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
