САУРАНДА 4200-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫНЫ БАР ЕЛДІ МЕКЕН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларымен бірге Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауылды табиғи газбен қамтуға бағытталған жаңа жобаның іске қосылғанын хабарлады.
Аудан басшысының айтуынша, Аша елді мекенінде газ құбырын салу жобасы аясында жалпы ұзындығы 19 300 метр жоғары қысымды және 34 600 метр орта қысымды газ құбыры жүргізіледі. Жобаға сәйкес, 1 дана газ реттеу пункті орнатылып, 832 үйге табиғи газ қосылады. Бұл жоба толық іске асқанда, 4160 адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Аймақ әкімі тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде ауыл халқын көгілдір отынмен қамту — тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылатынын, тиісті бөлімдер мен мердігер мекемеге нақты тапсырмалар жүктелгенін жеткізді. Тұрғындар да өз кезегінде ауылға газ жеткізу – көптен күткен қуанышты жаңалық екенін айтып, өз алғыстарын білдірді.
