ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖАҢА АВТОБУСТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Түркістан қаласында жұмысшы мамандықтар жылы және Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жұмысшы мамандармен кездесті. Сондай-ақ, жаңа автобустардың кілтін табыстау шарасына қатысты. Салтанатты шара барысында «Жолаушы» ЖШС директоры Рахымжан Еркінов жаңа қоғамдық көліктер мен автопарктің мүмкіндіктерін таныстырды.
Бүгінде Түркістан қаласында 190 қоғамдық көлік 21 бағытта қызмет көрсетеді. Бұл бағыттарда 300-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Жыл соңына дейін қосымша 60 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жұмысшы мамандармен кездескен қала басшысы ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келген сала өкілдеріне алғысын білдіріп, марапаттады.
— Жылдар бойы таң атқаннан кеш батқанға дейін жүргізушіден бастап техник-механикке, диспетчерден кондукторға дейін – барлығыңыз маңдай термен қаламыздың дамуы мен халықтың игілігіне қызмет етіп келесіздер. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Автопарк бүгін көптен күткен 16 жаңа заманауи автобуспен толығып отыр. Жыл соңына дейін қосымша 10 жаңа автобус алуды жоспарлап отырмыз,- деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Айта кетейік, қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін жаңа автобустар заманауи үлгіде бейнебақылау камерасымен, салқындатқыш жабдықпен, электронды билет жүйесімен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы пандустар қарастырылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
