Күлтөбе – өркениет пен руханияттың тоғысқан тұғыры

Түркістан облысы — өзіндік болмысын сақтаған мәдениетімен, тарихи-археологиялық ескерткіштерінің молдығымен ерекшеленетін аймақ. Түркістан – түркі халықтарының тарихи, саяси және рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ ежелгі өркениет ошақтарының бірі ретінде әлемдік деңгейдегі мәдени мұралар қатарында тұр. Осы қаланың түпкі бастауын көрсететін археологиялық нысан – Күлтөбе қалажұрты. Бұл тарихи кешен – көне дәуір мен ортағасырлық кезеңдердің тоғысында орналасқан, қала мәдениетінің дамуын, руханияттың өркендеуін және өркениеттік процестерді бір уақытта бейнелейтін бірегей ескерткіш.

Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының шығыс бөлігінде орналасқан тарихи төбе. Археологиялық деректерге сүйенсек, мұнда біздің заманымызға дейінгі І ғасырдан бастап мәдени қабаттар түзілген. Яғни, бұл орын тек ортағасырлық ғана емес, антикалық және ерте ортағасырлық кезеңдерге де тиесілі маңызды нысан болып табылады.

Күлтөбе тек Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі ретінде ғана емес, сонымен қатар өзге де бірегей ерекшеліктерімен маңызды. Еліміздің түрлі аймақтарында көне қорғандар мен ортағасырлық қалалар сақталған, алайда Күлтөбе секілді тарихи тереңдігі мол қалашықтар өте сирек кездеседі. Қалашықтың ерекшелігі – оның стратиграфиялық қабаттарында. Бұл көпқабатты құрылым археологиялық артефактілермен дәлелденіп отыр. Күлтөбе өзінің тарихында бірнеше рет жойылып, қайта қалпына келтірілген. Ол ежелгі дәуірде ірі сауда, қолөнер және өндірістік орталықтардың бірі болған.

Ежелгі Күлтөбе қалашығы тарихи маңыздылығы тұрғысынан аса құнды ескерткіш болып табылады. Сонымен қатар, ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің буферлік аймағында орналасқан.

Музейлендірілген Күлтөбе қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамында бірегей археологиялық паркке айналып, Түркістан оазисіндегі ең тартымды туристік нысандардың бірі болуға әлеуетті.

Күлтөбе қалашығы – Түркістанның ең көне тарихи өзегі ретінде археологиялық және мәдени тұрғыдан аса құнды нысан. Зерттеулер нәтижесінде ежелгі Ясы қаласының орны қазіргі Күлтөбе төбесіне сәйкес келетіні ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Бүгінде Күлтөбе – еліміздегі ежелгі қалашықтардың ішінде тарихи қабаттары жақсы сақталған сирек ескерткіштердің бірі.

Күлтөбе қалашығы – Түркістан қаласының негізін қалаған, далалық өркениет тарихында маңызды орын алатын мекен.

Қалашықтың стратиграфиясы төрт археологиялық кезеңді қамтиды:

  1. Бастапқы кезең (II–IV ғғ.) – сармат-қаңлы дәуірі;
  2. Екінші кезең (VII–IX ғғ.) – түркі кезеңі;
  3. Үшінші кезең (X–XIII ғғ.) – ортағасырлық қалалық мәдениет кезеңі;
  4. Төртінші кезең (XVI–XIX ғғ.) – Қазақ хандығы дәуірі.

Күлтөбе Түркістанның шығыс бөлігінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 480 метр қашықтықта орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары барысында XVII–XIX ғасырларға жататын тұрғын үй орындары, қыш бұйымдар мен тұрмыстық заттар, сондай-ақ Қоқан хандығы мен Қазақ хандығы кезеңіне тән мәдени қабаттар анықталды.

Жалпы саны 600-ге жуық археологиялық жәдігерлер – шамамен 200 керамикалық бұйым, 80-ге жуық мыс заттар, XVIII–XIX ғасырларға жататын 300-ге тарта монета, II–IV ғасырларға тиесілі алтын әшекей фрагменттері, 17 фарфор ыдыстың бөлшектері, күміс әшекейлер мен 9 күміс тиындар – барлығы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына тапсырылған [1 ].

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тарихи бастауы Күлтөбе төбесімен тікелей байланысты екені ғылыми негізде дәлелденген. Күлтөбе-Ясы қалашығы бүгінгі күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамындағы ашық аспан астындағы археологиялық парк ретінде жаңғырып отыр. Қалашықтың қайта қалпына келтірілуі Түркістанның тарихи мәртебесін күшейтіп қана қоймай, халықаралық туризм мен ғылыми зерттеулер үшін де тың серпін беруде.

Күлтөбе археологиялық паркі қазіргі кезеңде туристерге, зертеушілер мен қала қонақтарына көне дәуірлердің тынысын сезінуге мүмкіндік беретін маңызды мәдени кеңістікке айналды.  Бұл нысан тек тарихи-мәдени және археологиялық құндылық ретінде ғана емес, сонымен қатар ішкі және сыртқы туризмді дамытуда, сондай-ақ рухани-киелі орындарға зиярат етуді ұйымдастыруда да инвестициялық тұрғыдан тартымды орталыққа айналып келеді.  Сонымен бірге, Күлтөбе – Ясы археологиялық паркі отандық ғылым мен білімді дамытуда, археологиялық және тарихи зерттеулерді жалғастыруда, жастарға тарихи-мәдени мұраның маңызын насихаттауда тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор білім беру алаңы ретінде қызмет етеді.

Ғалымдар туристердің қызығушылығын тудыратын бірқатар негізгі нысандарды анықтады. Олардың қатарында көне табыну орны, ірі жер иеленушінің үйі, XII ғасырдағы сопының тұрғын-жайы, қолөнершінің үйі және басқа да маңызды архитектуралық құрылымдар бар.

Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында көптеген құнды олжалар табылды. Атап айтқанда, алтын, темір және қола бұйымдар, керамика, тиындар, органикалық қалдықтар, тандыр пештері бар тұрмыстық жайлар және әртүрлі тұрмыстық қыш ыдыстардың сынықтары анықталды. Ерекше олжалардың бірі – бірнеше ғасыр бойы жер астында сақталып, бүгінге дейін дыбыс шығара алатын күйінде жеткен саздан жасалған балалар ысқырығы (свистулька).

Зерттеушілер үшін маңызды жаңалықтардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қаптамасына ұқсас оюлы қаптамалық плиткалардың табылуы болды. Бұл дерек дәл осы өңірде, атап айтқанда Күлтөбе аумағында, сол дәуірде сәндік керамикалық плиткалар дайындайтын шеберханалар болғанын көрсетеді.

Сондай-ақ табылған көне теңгелердің бірі VIII ғасырға тиесілі. Бұл нумизматикалық дерек Күлтөбенің ежелгі заманда әкімшілік орталық, сауда қаласы болғанын дәлелдейді. Қалашық Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі ретінде Шығыс пен Батыс арасындағы өркениеттік байланыстардың қалыптасуына өз үлесін қосқан.

Қазіргі күні нақты белгілі болғандай қаланың ежелгі өзегі қаланың шығыс шетінде орналасқан Күлтөбе төбешігінің астында орналасқан. 1973 жылы Т.Сенигова VІІ-VІІІ ғасырға жататын керамика бөліктерін, тенгелер тапты [2]. Осылай Ясы қонысы туралы алғашқы мәліметтер жинала бастады.

Күлтөбе ежелгі қалажұртының ғылыми тұрғыда зерттелуіне алғашқы серпін берген археолог — Ерболат Смагулов. Алғашқы кешенді археологиялық зерттеулер 1981–1984 жылдары Е.Смағұловтың жетекшілігімен басталды. Ол кезде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және археология институтының Түркістан экспедициясы Күлтөбе аумағында алғаш рет жүйелі қазба жұмыстарын жүргізіп, оның ауқымды тарихи әлеуетін дәлелдеді [3].  7 мәдени қабаттың мерзімдері ең төменгісі — ІV-V ғасырдан бастап, соңы — ХІХ ғасырға дейінгі мерзімді қамтиды [4].

Дәл Тәуке хан (1680-1715 жж) билік жүргізген кезеңде Күлтөбе маңындағы тарихи құрылтайда атақты үш би — Қазыбек би, Төле би және Әйтеке би қатысып, қазақ халқының дәстүрлі құқық жүйесін негіздейтін «Жеті жарғы» заңдар жинағын тұжырымдады. Алайда тарихи деректерге сүйенсек, бұл жиынға тек осы үш тұлға ғана емес, өз заманының басқа да беделді билері мен ел ағалары қатысқан. Бұл оқиға Күлтөбенің тек геосаяси емес, құқықтық және рухани маңызын да көрсетеді. Қазақ халқының құқықтық мәдениетінің қалыптасуында Күлтөбе алаңы маңызды шешімдер қабылданған тарихи сахна ретінде танылады [5]. Хандық кеңестің мәжіліс өткізетін орны Түркістандағы Күлтөбе төбесінің ұшар басында, Тәуке хан ордасына жақын маңда орналасқан. Бұл тарихи факт халық жадында да өз ізін қалдырған. Соған дәлел – «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген мәтел. Бұл сөз тіркесі ел басқару ісінің тұрақтылығы мен Күлтөбенің саяси мәнін айқын сипаттайды. Яғни, Күлтөбе тек мәдени және сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар қазақ мемлекеттілігінің маңызды саяси алаңы болған.

2010 жылы Е.Смағұлов мақсатты археологиялық зерттеулер идеясымен Күлтөбе қалажұртына қайта оралып, нәтижесінде көне рабаттың ерекше архитектуралық кешені анықталды. Бұл табылған нысандар қалажұрттың әлеуметтік, мәдени және тарихи маңызын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

2019 жылдан бастап «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында ескерткішті ғылыми тұрғыда консервациялау, визуализациялау және ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары басталды. Бұл бастамалар Күлтөбені тек ғалымдар үшін ғана емес, көпшілік қауым мен туристер үшін де қолжетімді тарихи нысанға айналдыруға бағытталған.

Түркістан қаласының аумағындағы Күлтөбе қалашығында жүргізілген жүйелі археологиялық зерттеулер нәтижесінде бірнеше мәдени қабаттардан тұратын үйінді құрылым анықталды. Зерттеу барысында ашылған стратиграфиялық деңгейлер мен археологиялық кешенге жататын материалдық деректерге сүйене отырып, бұл орынның б.з.д. II ғасыр мен б.з. III ғасыры аралығында қалыптасқандығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Айта кетерлігі, көне Ясы қаласының цитадельдік бөлігінің ашылуы дәл осы Күлтөбе аймағынан басталғаны белгілі. Қазіргі кезеңдегі зерттеу жұмыстары нәтижесінде ежелгі қаланың орталық құрылыс алаңының елеулі бөлігі аршылып, сәулет жоспары мен құрылымдық ерекшеліктері айқындала түсті.

Түркістанның ежелгі цитаделін зерттеу барысында алынған жаңа тарихи-мәдени материалдарды кешенді түрде ғылыми тұжырымдап, толық талдау жұмыстары археологиялық қазба кезеңі аяқталғаннан кейін жалғасады. Қазіргі таңда қамал аумағында табылған ең көне нысан – крест тәрізді (төртқұлақты) құрылыс – біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жатқызылып отыр. Бұл мерзімдеуге ешқандай кедергі жоқ екенін мамандар нақтылап отыр. Бұл жоба Күлтөбе ескерткішінің тарихи-мәдени мұра ретіндегі құндылығын арттыра түсті.

Күлтөбе қалажұртының мысалында өзектілікке ие болып отыр. Себебі мәдени туризмді дамыту тек инфрақұрылым салумен шектелмеуі тиіс. Негізгі басымдық шынайы тарихи ескерткіштерді сақтау мен оларды танымдық әрі тартымды нысанға айналдыруға берілуі қажет. Тек сол кезде ғана нағыз туристік қызығушылық тудыратын, тарихи негізі бар бірегей орталық қалыптаспақ.

Түркістан облысы – тарихи-мәдени мұраға бай, ұлттық руханият пен өркениеттік дамудың өзегіне айналған аймақ. Бүгінде осы өңірдегі тарихи нысандарды заманауи талаптарға сай зерделеу, сақтау және көпшілікке таныстыру мақсатында кешенді әрі салааралық зерттеулер жүргізудің өзектілігі артып отыр. Аталған бағытта жүргізілетін жұмыстар тек археология мен тарих саласымен шектелмей, цифрлық технологиялар, визуализация құралдары және инновациялық платформалар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми-танымдық және экономикалық тұрғыдан тиімді игеру үшін гуманитарлық және техникалық ғылым салаларының интеграциясы, түрлі әдіс-тәсілдер мен дереккөздерді қолдану – уақыт талабы. Мұндай үйлесімділік ғылыми зерттеулердің экономикалық қайтарымдылығын арттырып, мұраны сақтау мен туризмді дамытуды ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жетілдіру, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қасиетті және тарихи нысандардың антропогендік қысымнан қорғалуын бақылау үшін туристік ағын мен нысандарды басқарудың тиімді стратегиясын әзірлеу – маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта басқару, жоспарлау және мониторинг тетіктерін ғылыми негізде реттеу қажет.

Қазіргі таңда мәдени-танымдық туризмге қызығушылық танытатын адамдар саны тұрақты түрде артып келеді. Әсіресе тарихи-рухани құндылықтарға бет бұрған саяхатшылар үшін Түркістан облысының нысандары – мәдени әртүрлілік пен тарихи сабақтастықтың көрінісі ретінде зор тартымдылыққа ие.

Тарихи туризм – туризм индустриясының ішкі әлеуеті жоғары бағыттарының бірі ретінде тек мәдени ағартушылық мақсатта ғана емес, аймақтық экономиканы дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға әсер ететін нақты құрал бола алады.

Осы тұрғыда Түркістан облысының мәдени келбетін айқындайтын ғылыми зерттеулер нәтижесі аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған даму моделін қалыптастыра алады. Мұндай жобалар тарихи-мәдени мұраны жүйелі түрде сақтауға, оны көпшілікке заманауи форматта таныстыруға және халықаралық деңгейде насихаттауға негіз болады.

Бұл өңірде республика мен әлемдік қауымдастық үшін маңызды туристік бағыттарды қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Алайда, осы бай мұраларды жүйелеп, ғылыми негізде жинақтап, бірыңғай форматқа келтіру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты Түркістан облысының тарихи-мәдени нысандарын кешенді зерттеу негізінде олардың біртұтас базасы мен электронды анықтамалық каталогын әзірлеу ұсынылады. Бұл туризмді тиімді дамыту мен мәдени мұраны сақтаудың маңызды тетігі болмақ. Түркістан өңірінің бай тарихи мұрасын, құндылықтарын халықаралық денгейде таныту, сондай ақ ғылыми қауымдастық пен туризм саласының өкілдері арасында өзара тәжірибе алмасу қажет.

Бүгінде әлем халықтарының тарихи-мәдени тәжірибесі баға жетпес құндылық ретінде танылып отыр. Әртүрлі елдер мен ұлттардың өткені мен мәдениетіне деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Осы үрдістен Қазақстанның көне тарихы мен рухани мұрасы, соның ішінде Ежелгі Түркістанның мәдени феномені де лайықты орнын алуы тиіс.

Айжан Сандыбаева,

Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *