Сайрам – инвестиция мен өндірістің жаңа белесінде

Сайрам ауданы – Түркістан облысының экономикалық қуаты жоғары, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы өркендеген іргелі өңірлерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлік даму мен экономикалық әлеуетті арттырудың маңыздылығын баса айтып келеді. Президент атап өткендей, «Қазақстан – тұрақты дамуды көздейтін, өңірлер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге ұмтылатын мемлекет». Бұл орайда Сайрам ауданында соңғы жылдары жүзеге асып жатқан ілкімді істер Президент тапсырмаларының жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді.

Соңғы бес жылда аудан экономикасы тұрақты даму жолына түсіп, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң серпінге ие болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданға тартылған инвестиция көлемі 71,6 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 58,5 пайызға артты. Бұл кәсіпкерлікке қолайлы орта мен бизнес жүргізуге сенімді жағдай қалыптасқанын айғақтайды.

Ауыл шаруашылығы – ауданның экономикалық өзегін құрайтын негізгі сала. 2024 жылы бұл бағыттағы өнім көлемі 145,6 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 66,8 пайызға ұлғайды. Жоғары еңбек өнімділігі мен тиімді жобалардың жүзеге асырылуы – осы жетістіктің негізі.

Өнеркәсіп өндірісінде де елеулі өсім байқалады. 2024 жылы аудан кәсіпорындары 58,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 74,8 пайызға артты. Сауда көлемі де 80,5 млрд теңгеге жетіп, 46,4 пайыз өсіммен тіркелді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 27,6 млрд теңгені құрады (өсім – 28%).

Биылғы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 32,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 4,1 пайыз өсімге қол жеткізілді. Осы кезеңде 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Мал және егін шаруашылығы бағыттары негізгі басымдық ретінде дамуда.

Ағымдағы жылы жалпы өңірлік өнім көлемін 354 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін 49,7 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері құны 6,7 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай серпін бар. Соңғы бес жыл ішінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15 764-тен 24 222-ге дейін өсті. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 2 есеге артып, 289,2 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге берілген жеңілдетілген несиелер нақты нәтижесін беруде.

Ауданда жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі – «MEAT MAGNAT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің инвестициялық бастамасы. Өзбекстандық серіктестермен бірлескен бұл жоба 10 000 малға арналған бордақылау алаңын, мал сою және ет өңдеу кешенін қамтиды. Қуаттылығы жылына 5000 тонна ет өндіруге есептелген кешен 2024-2025 жылдары толық іске қосылады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, Сайрам ауданында инвестиция тарту, өндіріс көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бұл шаралар өңірді экономикалық көшбасшылардың қатарына қосып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік беріп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *