Жолдау жүктеген міндет: Түркістанда жол сапасы жақсарып келеді

«Жол – экономиканың күретамыры. Инфрақұрылымы дамыған ел – дамыған мемлекет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша мән беріп, әр Жолдауында бұл саланың ел дамуындағы стратегиялық маңызын атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде елімізде, соның ішінде Түркістан қаласында да жол сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған. Қала аумағында бүгінде 845 шақырым жол мен 875 көше бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, осы жолдардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланған. Аталған көрсеткішті арттыру үшін биылғы жылы қосымша 138,5 шақырым жол жөнделмек. Бұл жұмыстар толығымен аяқталған жағдайда, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетеді деп күтілуде.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстармен арнайы танысты. Осы ретте, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан қала көшелеріндегі құрылыс барысы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір Түркістандағы негізгі көше желілерінің бірі – Тәуке хан даңғылы жаңартылуда. Жалпы ұзындығы 5,16 шақырымды құрайтын бұл даңғылдың 2,3 шақырымы толық жөндеуден өтіп, жаңа асфальт төселген. Жолдың ескі қабаты арнайы техникамен алынып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысы салынуда.

Инфрақұрылымның сапасымен қатар, қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Жөндеу жұмыстары аясында жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдар да ретке келтірілуде. Барлық құрылыс және жөндеу шаралары 45 күн ішінде толық аяқталады деп жоспарлануда.

Жол саласындағы жұмыстар облыс көлемінде де кең көлемде жүргізілуде. Түркістан облысында 2025 жылға дейін жалпы ұзындығы 1 103 шақырымды құрайтын жол мен көше жөнделмек. Биылдың өзінде 547 шақырым жолды қамтитын 123 нысанды пайдалануға беру көзделген. Нәтижесінде, өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетпек.

Сонымен қатар, облыстық және аудандық маңызы бар жолдармен қатар, ауыл көшелері де кезең-кезеңімен жаңартылуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде 89 нысан жөндеуден өтуде. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді шаралардың бірі.

Айта кету керек, жолдардың сапасы да қатаң бақылауға алынған. Құрылыс пен жөндеу кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы тарапынан тұрақты тексеріліп отырады. Талапқа сай келмейтін жұмыстар қабылданбайды. Тіпті кейбір жағдайда кемшіліктерді жою сот арқылы жүзеге асырылып отыр.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының кескін-келбеті жаңарып, заманауи талаптарға сай өркендеп келеді. Инфрақұрылым саласындағы бұл өзгерістер қаланың ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *