Бюджет халық үшін: Төлеби ауданындағы табысты тәжірибе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің негізгі бағыты. Халықтың қажеттілігіне дер кезінде жауап беретін тиімді әкімшілік жүйе құру – басты мақсат», – деп атап өткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысы Төлеби ауданында да халық пен билік арасындағы ашықтық пен сенімді нығайтатын оң өзгерістер жүзеге асуда. 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша аудан өзіндік кірістер жоспарын 2 млрд теңге көлемінде жоспарлап, нақты 2,9 млрд теңге жинақтап, жоспар 44,3 пайызға немесе 901 млн теңгеге артығымен орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім – 2024 жылдың осы кезеңінде жоспар 1,7 млрд теңге болса, нақты 2,1 млрд теңге түскен. Мұндай оң нәтиже жергілікті экономиканың жандануын, кәсіпкерліктің даму қарқынын және салықтық тәртіптің жақсаруын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Жолдауларында үнемі атап көрсететін басты міндеттердің бірі – бюджет қаражатын тиімді әрі әділетті бөлу. Төлеби ауданында бұл талап орындалып отыр: аудандық бюджеттің басым бөлігі – халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталған. Білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу, әлеуметтік көмек және басқа да өмір сапасын арттыратын бағыттарға қаржы бөлу халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосуда.
Президент: «Әділетті Қазақстанда әр азаматтың құқығы мен әл-ауқаты бірінші орында тұруы тиіс. Әлеуметтік саясат – мемлекеттің басты бағдары», – деп атап өтті. Осыны басшылыққа алған аудан әкімдігі әлеуметтік бағыттағы жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Атап айтқанда, мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдық елді мекендерді ауыз су, электр және газбен қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Парламент пен Үкімет деңгейінде қабылданған «Аумақтарды дамыту бағдарламасы», «Ауыл – Ел бесігі» және «Жайлы мектеп» секілді жобалар Төлеби ауданы үшін де маңызды құралға айналып отыр. Осы бағдарламалар арқылы инфрақұрылым тарту, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту, мәдениет және спорт кешендерін салу сияқты маңызды істер атқарылуда. Президент Тоқаев өз мақалаларында бірнеше рет: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл жай ұран емес, бұл – нақты іс-қимылдың негізі», – деп жазған. Бұл тұжырым бүгінде жергілікті деңгейде іске асып жатыр. Төлеби ауданында ашық бюджет, қоғамдық тыңдаулар, цифрлық шешімдер арқылы тұрғындармен тікелей байланыс артып, басқару тиімділігі артқан. Сондай-ақ, ауданның экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында агроөнеркәсіп, туризм, шағын және орта бизнесті қолдау бағытында нақты жобалар іске қосылған. Өзіндік кірістің артуы ауданның ішкі резервтерінің тиімді пайдаланылып жатқанын, кәсіпкерлік пен өндірістік әлеуеттің дамып жатқанын көрсетеді. Бұл қарқынды даму ел Президентінің бастамалары мен тапсырмаларына тікелей байланысты. Президент: «Бюджет қаражатының әрбір теңгесі халыққа қызмет етуі тиіс. Әр әкім халықтың жағдайын жақсартуға жұмыс істеуі керек», – деген болатын. Бүгінде бұл сөздер Төлеби ауданында нақты іске айналуда.Қорыта айтқанда, Төлеби ауданындағы бюджет саясаты мен әлеуметтік бағыттағы істер Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын табысты жүзеге асырудың айқын көрінісі. Тұрғындар өмірінің сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету – еліміздің өркендеуі жолындағы басты бағыт болып қала бермек. Осы бағытта ауданның үлесі зор және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық. Алдағы кезеңде Төлеби ауданында халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа мектептер мен медициналық нысандар салу, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз су және кәріз жүйелерін жаңарту жобалары жоспарланған. Бұл жобалардың барлығы Президенттің «Халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыты» деген ұстанымына сай жүзеге асырылуда. Президент ұсынған реформалар мен мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру арқылы Төлеби ауданы әлеуметтік, экономикалық және басқарушылық тұрғыдан үлгілі өңірлердің біріне айналуда.