Арыс қаласында инвестициялық жобалар қарқын алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өңірлерге тікелей инвестициялар тарту және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Президент «Әділетті Қазақстанның» іргесін қалау үшін ең алдымен аймақтардың әлеуетін толық пайдалануды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес Арыс қаласында кәсіпкерлік пен өндіріс саласында ауқымды жобалар қолға алынып, халықты жұмыспен қамту мен жергілікті экономиканы нығайту бағытында нақты істер жүзеге асуда.
Биыл Арыс қаласында жалпы құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметіне сүйенсек, бұл жобалар аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал өткен 2024 жылы өнеркәсіп саласын дамыту бағытында 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 593 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының «Еңбек нарығын жаңа жағдайға бейімдеу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – экономикалық дамудың негізі» деген бағыт-бағдарына толық сай келеді.
Ауыл шаруашылығы саласында да ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, «Түркістан Агро KZ» ЖШС-і 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын және 3 мың гектар жерге жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын дайындау жобасын қолға алған. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС 13 млрд теңгеге бағаланатын, 9 мың гектар жерге тамшылатып суғару арқылы мақта өсіру жобасын іске асыруда. Жаңашыл тәсілдер мен тиімді технологияларды енгізу – Президент Жолдауында көтерілген «су ресурстарын үнемді пайдалану» және «аграрлық секторды жаңғырту» қағидаттарын іске асырудың жарқын мысалы. Сондай-ақ, «ALASH LOGISTIC» ЖШС 900 гектар алқапта жаңбырлатып суғару әдісімен мал азығын өсіру жобасын қолға алып, ауыл шаруашылығын цифрландыру мен суармалы жерлерді тиімді пайдалануға үлес қосып келеді.
Бұл жобалар ел Президентінің ауыл шаруашылығы өндірісін 2,5 есеге арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатына нақты үлес қосады.Айта кету керек, Парламент пен Үкімет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. Инвестициялық жобаларға қатысты заңнамалық негіздер жеңілдетіліп, әкімшілік кедергілер азайтылды. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен жеке инвесторлар арасындағы ынтымақтастық нығайып, Арыс қаласы өңірлік инвестициялық орталыққа айналып келеді.
Бүгінде өңірдегі бұл қарқынды даму үрдісі – Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкімет саясатының нақты жемісі. Жолдауда көтерілген «әрбір аймақ өзінің ерекшелігіне сай экономикалық өсім көзін табуы тиіс» деген қағида Арыс қаласында толық жүзеге асып отыр. Инвестиция тарту арқылы өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығын жаңғырту – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басты қадам болып қала бермек.