ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР ӨТТІ
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен облыс жастары арасында волейбол және арқан тартудан спорттық сайыстар өтті. Шараға Түркістан облысының 17 аудан-қаласынан 120-дан астам жас қатысып, командалық рух пен шеберліктерін ортаға салды.
Жарыс нәтижесінде «Бірлік» командасы 1-орынды жеңіп алып, 50 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал, екінші орын «Жалын» командасының қоржынына түсіп, 30 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болса, үздік үштікті «Алау» командасы қорытындылап, 20 000 теңгеге қол жеткізді.
Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Мұндай іс-шаралар өңір жастарының белсенділігін арттыруға, олардың арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қоса бермек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі