Кентауда инклюзивті білім беру саласы жақсарып, даму үстінде
Кентау қаласында инклюзивті білім беру саласы мемлекеттік саясат негізіндегі бағдарламалар аясында жақсарып, даму үстінде. Барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждығы бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Инклюзивті білім беру немесе «Білім баршаға» бағдарламасы — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік жасау бағытында №12 мектептің оқушылары «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінде жеңіс тұғырынан көрініп, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін көрсетті. Сондай-ақ, білім беру ұйымдары қысқы маусымға толық дайындықпен қыстан қысылмай шықты. Мектептердің жылыту жүйелері газбен жабдықталып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жаңартылды. Кітапханалар заманауи үлгіде жабдықталып, «Е-Кітапхана» жүйесі енгізілді. Бұл – оқушылардың білім алу кеңістігін кеңейтіп, өзін-өзі дамытуға жол ашатын бастама. Заманауи білім беру жүйесі барлық балалар үшін тең мүмкіндік ұсынуы тиіс. Бұл инклюзия қағидасына негізделген. Мектептердің инфрақұрылымы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін бейімделген болуы тиіс: пандустар, лифтілер, арнайы парталар, ресурстық кабинеттер – бұл тек физикалық қолжетімділікті емес, психологиялық қолайлылықты да қамтамасыз етеді. Кентау қаласы мысалында айтатын болсақ, соңғы жылдары мектептерде сыртқы әжетханалар жойылып, ғимарат ішіне санитарлық тораптар салынды. Сонымен қатар, барлық мектептер интернетпен қамтылып, пәндік кабинеттер жаңартылды. Бұл — сапалы және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған тиімді шешімдер.