Ащысайда тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа жобалар көп

Ащысай ауылында 2024 жылы атқарылған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар жалғасын табуда. Биылғы жылға ауыл өмірін одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар мен құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр.

Атап айтар болсақ, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелердегі жарықтандыру жүйесіне толықтай жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, 1000 метр электр кабелі жаңартылып, 90 дана жарық шамы орнатылады. Бұл жұмыстар ауыл көшелерінің түнгі уақыттағы қауіпсіздігін арттырып, көріктендіруге де септігін тигізбек.

Тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін Ащысай ауылдық әкімдігі ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, тұрғындар үшін де қолжетімді, заманауи әкімшілік орта қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел болашағы. Осы орайда, Б.Момышұлы көшесіне балалар ойын алаңшасын салу көзделіп отыр. Жаңа алаң балалардың қауіпсіз әрі қызықты ортада демалуына, спортпен шұғылданып, дене тәрбиесін нығайтуына мүмкіндік береді. Бұл бастама – ауыл балаларына көрсетілген қамқорлықтың нақты көрінісі.

Ә.Құлымбетов көшесінен С.Мұқанов көшесіне апаратын баспалдаққа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба – ауыл ішіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Ә.Құлымбетов көшесіндегі 5 көпқабатты үйге кәріз жүйесін тарту және биосептик орнату жұмыстары жоспарланған. Бұл – ауылдағы инфрақұрылымдық дамудың маңызды қадамы болып саналады. Жоба іске асқан жағдайда, тұрғын үй маңындағы тұрмыстық қалдық сулардың қауіпсіз әрі экологиялық жолмен жойылуы қамтамасыз етіледі.

2025 жылға арналған бұл жоспарлар – Ащысай ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған іргелі бастамалар. Жоспарланған жұмыстар толықтай жүзеге асқанда, ауыл келбеті жаңарып, тұрғындардың өмір сапасы арта түспек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *