Ащысайда жастардың тәрбиесі мен біліміне баса көңіл аударылған
Ащысай ауылы жыл сайынғы даму қарқынын үдетіп, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық салаларда тың серпінмен алға басып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылда атқарылған жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жастардың тәрбиесі мен білім алуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын көрсетеді.
Ауыл тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігін жандандыруда 400 орындық ауылдық клубтың маңызы зор. Мұнда атаулы күндерге арналған мерекелік шаралар мен концерттер тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, жыл басынан бері ауылда футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 10 рет жарыс ұйымдастырылды. Ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулу мақсатында футбол үйірмесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл үйірмеде 54 жасөспірім жаттығуда.
Мәдениет саласы тек спортпен шектелмейді. Ащысай ауылдық клубы жанынан «көркемсөз оқу» және «домбыра» үйірмелері жұмыс істеп, жастардың өнерге қызығушылығын арттыруда.
Ауыл жастары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, экстремизм мен нашақорлыққа қарсы күрес бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, жергілікті әкімдік өкілдері, мектеп мұғалімдері және учаскелік инспекторлардың қатысуымен рейдтік шаралар ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ащысай ауылдық дәрігерлік амбулаториясы тұрғындар денсаулығын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарып келеді. 2024 жылдың 12 айында 120 адам ем қабылдап, 250 адам «Д» есепке алынған. Олардың ішінде қан қысымы, бронхит, қант диабеті, анемия секілді созылмалы ауруларға шалдыққандар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне халықты тарту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілді. Үгіт-насихат құралдары халық көп шоғырланатын жерлерге орналастырылып, ресми әлеуметтік желі парақшаларында ақпараттық материалдар жарияланды.
Ащысай ауылы білім беру саласында да оң өзгерістермен ерекшеленуде. 2024 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 22 оқушы қатысып, оның 13-і мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – ауыл жастарының сапалы білім алып жатқанының жарқын көрінісі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауыл әкімдігінде «Сенім телефоны» мен «Сенім жәшігі» орнатылып, тұрғындармен ашық байланыс орнатылған. Тоқсан сайын ауыл әкімінің жеке қабылдауы өткізіліп, оның кестесі ғимаратқа ілініп, БАҚ беттерінде де жарияланып тұрады.
Ащысай ауылында жыл бойы атқарылатын мұндай жұмыстар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, мәдениетті көтеруге, жастарды қолдауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта да осындай қарқынмен жұмыс жалғасын тауып, ауылдың келбеті одан әрі көркейе түсетініне сенім мол.