Кентауда жылу жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылуда
Кентау қаласында қыс маусымындағы тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында магистральдық және ішкі орам жылу желілері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
Қазіргі таңда қала аумағындағы жалпы жылу жүйесінің ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Оның ішінде: 38,1 шақырымы – магистральдық жылу желілері.
2024 жылы осы желілердің 6,6 шақырымы жаңартылды. Ал 2025 жылға жоспарланған 14,5 шақырым құбырды ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, 130,9 шақырымды құрайтын ішкі орам жылу желілерінің 81 шақырымы үш кезең бойынша жаңғыртылуда. Бұл ретте жылу құбырларының диаметрін кеңейту және жылу оқшаулау қабатын қалпына келтіру басты назарда тұр.
Жоспарға сәйкес, барлық жөндеу және жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде:
«Халыққа сапалы коммуналдық қызмет көрсету – жергілікті биліктің тікелей міндеті. Инфрақұрылымның тозуын тоқтатып, оны жаңғырту – стратегиялық маңызы бар жұмыс», – деген болатын.
Осы ретте Кентау қаласында қолға алынған бұл жоба – Президент тапсырмаларының нақты орындалып жатқанының айқын көрінісі. Қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған ауқымды жұмыстар нәтижесінде тұрғындар үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етілетін болады.