Сайрам ауданында 47 канал жөндеуден өтеді
Сайрам ауданында ағын су мәселесі өзекті. Аудан бойынша 53 дана канал бар. Коммуналдық меншіктегі 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы жөндеуді қажет етеді. «Ақсу» коммуналдық кәсіпорнының меншігіндегі 2 экскаватордың күшімен 36,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өтті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін облыстық бюджеттен 8 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттамалар әзірленуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «Ақбай-Қарасу» каналын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасуда. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» және «ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасы салынып, жылына 31 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды. Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппарат мәжілісінде жауапты тұлғаларға суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалары мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.