Түркістанда ана мен бала денсаулығына басымдық берілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта медициналық инфрақұрылымды жаңарту, саланы цифрландыру, кадрлық әлеуетті күшейту және халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі. Түркістан облысында бұл бастамалар нақты іске асырылып келеді.
Түркістанда өткен республикалық дөңгелек үстелде перинаталдық көмекті жетілдіру, ана өлімін азайту және телемедицинаны дамыту мәселелері талқыланды.
Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталықта ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен «Ана мен бала денсаулығын сақтау – перинаталдық көмекті жетілдірудің өзегі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға еліміздің 20 өңірінен денсаулық сақтау мамандары, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысты.
Басқосу барысында ана өлімін төмендету, кадр тапшылығы, инфрақұрылымды жақсарту, телемедицина мен цифрлық жүйелерді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Әр өңірге жетекші орталықтардан үйлестіруші мамандар бекітілді.
Қатысушылар №3 перинаталдық орталықтағы неонаталдық, диагностикалық, телемедициналық бөлімдердің жұмысымен танысты.
Сол күні ҚР Премьер-Министрі Түркістан облысының №1 Облыстық перинаталдық орталығына арнайы барып, ондағы қызметпен танысты. Мұнда 2025 жылдың алғашқы 4 айында 2335 босану тіркеліп, 542 жағдайда кесар тілігі жасалған.
Орталықтағы «Дені сау ана» пансионаты, Катамнез кабинеті мен триаж жүйесі ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 2023 жылы ашылған Ұрықты қорғау орталығы (ЦОП) мен клинико-диагностикалық зертхана жүкті әйелдерге жоғары дәлдіктегі медициналық көмек көрсетуде.
Бүгінде бұл орталық облыстың 8 ауданына кураторлық және санитарлық авиациялық қызмет көрсетеді.