Бірлік пен бейбітшілікке бастар жол: Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы өтті

Қазақстан — көпэтносты және көпмәдениетті мемлекет ретінде этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің тұрақтылығы мен татулығын қамтамасыз етудің басты институтына айналды. Түркістан облысында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы – осы мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі болып, өңірдегі этносаралық келісім мен бірліктің берік негізін одан әрі күшейтті.

«Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбындағы өткен іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚХА Кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, аудан және қала әкімдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиынның модераторы — облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ол сессияның мақсат-міндеттері мен ашық пікір алаңы ретіндегі маңызын атап өтті.

Сессия барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров этнос өкілдерінің аймақтың дамуына қосып жатқан үлесіне тоқталып, Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтады.

– Ассамблея – ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда ерекше маңызға ие ұйым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ҚХА-ның XXXIV сессиясында этномедиация институтының дамуына ерекше назар аударып, бірліктің ел тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында медиация саласы бойынша оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар этносаралық келісімді нығайту мақсатында 2000-нан астам іс-шара өткізілуде. «Ассамблея жастары» азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Болашақта этнос өкілдері тығыз орналасқан өңірлерде «Достық үйлерін» ашу жоспарда бар, – деді аймақ басшысы.

Сессия барысында этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғам белсенділері сөз сөйлеп, бірлік пен татулықты нығайту жолындағы ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Раимжан Қошқаров, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов, тәжік этномәдени бірлестігінің Жетісай аудандық филиалының төрағасы Халим Тұрсынов, сондай-ақ Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек өз салаларындағы атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

Ассамблея аясында өңірде «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» секілді жобалар сәтті жүзеге асуда. Биылдың өзінде 631 іс-шара, 49 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 39 мыңға жуық адам қамтылған. Бұдан бөлек, 168 ақпараттық-насихаттық кездесу өткізіліп, оған 9000-ға жуық тұрғын қатысқан.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтау бағытында тың идеялар мен жаңа бастамаларға жол ашты. Жиын қорытындысы өңірдің этносаралық татулығын нығайтудағы жұмыстарына серпін беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *