Кентау қаласында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту, соның ішінде ауылдық және қалалық елді мекендерді газдандыру мәселесін басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Президент: «Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін тұрғын үйлерді, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз», – деген еді.
Осы тапсырма аясында Кентау қаласында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы 18 000 абоненттің 15 326-сы немесе 85 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылды.
Ағымдағы жылы өңірде газ инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Орайы келгенде солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Өңірде қолға алынған ауқымды жобалардың бірі – «Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін жеткізуші газ құбырының құрылысы» болып табылады. Жоба аясында диаметрі 500 мм болатын, жалпы ұзындығы 12,3 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда оның 5,5 шақырымына монтаждау жұмыстары жүргізілсе, қалған 6,8 шақырымда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Жоба құны –1,55 млрд теңге. 2025 жылға қаралған қаржы көлемі 301,4 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын биыл қазан айында аяқтау көзделген. Мердігер мекеме — «АС-Строй» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «ZKN Group» ЖШС-і. Авторлық қадағалаушы – «Алматы-инжпроект» ЖШС-і.
Сонымен қатар, «Байылдыр ауылындағы ішкі орам газ құбырының құрылысы (түзету)» жоба аясында жалпы ұзындығы 12 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Оның 8 шақырымы – жер асты, 4 шақырымы – жер үсті құбыры. Газ шығыны – 1884,21 м³/сағ. Жоба толық аяқталып, Байылдыр ауылына табиғи газ 2025 жылдың 12 сәуірінде жеткізілді.
Мердігер мекеме – «Транзит Жол құрылыс» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «Мирас Строй Ком» ЖШС-і. Авторлық қадағалаушы – «Улмад» ЖШС-і.
Қарнақ ауылында жүзеге асырылып жатқан жобаның (Қарнақ ауылындағы ішкі орам газ құбырының құрылысы) жалпы ұзындығы – 139 шақырым. Оның ішінде 108 шақырымы – жер асты, 31 шақырымы – жер үсті құбыры. Газ тұтыну көлемі – 13 789 м³/сағ. Қазіргі уақытта 2,3 шақырым газ құбырына монтаждау жұмыстары жүргізілді.
Жоба құны 4,6 млрд теңгені құрайды. 2025 жылға қаралған қаржы – 400 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мердігер мекеме – «АС-Строй» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «TN kz» ЖШС-і. Авторлық қадағалаушы – «Улмад» ЖШС-і.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Газдандыру – бұл тек жайлылық емес, бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам» деп атап көрсеткендей, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерді газдандыру халықтың әл-ауқатын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туғызады.
Газдандыру бағытындағы жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталып, барлық жоспарланған елді мекендерге табиғи газ жеткізіледі деп күтілуде.