Кентау қаласының жылумен қамту жүйесі жаңғыртылуда
Кентау қаласында жылумен қамту жүйесін жаңғырту және қайта құру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Айталық, дәл қазір қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің үйлестіруімен бірқатар ірі инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. №5 ЖЭО-ның №7, 8, 9, 10, 11, 12 қазандықтарын қайта құру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл жоба аясында алты қазандық заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Жобаның жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайды, оның 11,6 млрд теңгесі игерілген. Қалған сома – 1,2 млрд теңге. Мердігер мекеме – «ЭМ-Холдинг» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «OTAY CONSTRUCTION» ЖШС-і. Авторлық қадағалаушы – «БизнесСтройПроект» ЖШС-і.
Қаланың жалпы жылу құбырының ұзындығы – 169 шақырым. Оның ішінде магистралды желілер – 38,1 шақырым, ал ішкі орам желілері – 130,9 шақырым. Құбырлардың жалпы тозу деңгейі 60 пайызды құрайды.
2024 жылы 6,6 шақырым тозығы жеткен магистралдық жылу құбырлары мен 4 кері сорғы станциясы жаңартылды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 14,5 шақырым магистралды жылу құбырының қайта құру жобасы қолға алынды. 2024 жылы бөлінген қаржы аясында 1 шақырым құбыр сатып алынып, станцияға жеткізілді. Жобаның құны – 7,6 млрд теңге. Бөлінген қаржы – 800 млн теңге. Мердігер мекеме – «KAZ Intel Group» ЖШС-і. Техникалық қадағалаушы – «TN kz» ЖШС-і. Авторлық қадағалаушы – «ProfStroy Invest» ЖШС-і.
Қала бойынша 81 шақырым ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру үш кезеңге бөлініп жүзеге асырылуда. І кезеңде ұзындығы 22,2 шақырымды құрайтын құрылыс жұмыстары қолға алынады. Бүгінде 300 метр құбыр демонтаждалып, 180 метр құбыр орнатылды. Жобаның құны – 754,5 млн теңге. Бөлінген қаржы — 74 млн теңге. Мердігер мекеме «Сақ-Құрылыс» ЖШС-і. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жыл деп көрсетілген.
ІІ-кезеңде ұзындығы 44,8 шақырымды құрайтын құрылыс жұмыстары қолға алынады. Бүгінде 5 шақырым құбыр демонтаждалып, 3 шақырым құбыр орнатылды. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Бөлінген қаржы – 641 млн теңге. Мердігер мекеме – «BF-Group kz» ЖШС-і. Жобаның құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталатын болады.
Ал, ІІІ кезеңде атқарылатын құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жолданған. Жобаға сәйкес 14,6 шақырым ішкі орам жүйелерін жаңарту көзделген. Жалпы құны – 432 млн теңге. Құрылысқа қажетті қаржы облыстық бюджеттен қарастырылуда. Жобалаушы мекеме – «ProfStroy Invest» ЖШС-і.
Қорыта айтқанда, Кентау қаласында жылу жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы алдағы жылу маусымдарына дайындықты күшейтілуде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға сапалы әрі үздіксіз жылу қызметін ұсыну, жүйенің тиімділігін арттырып, апатты жағдайлардың алдын алу.