Жолдау жүктеген міндет: Ордабасыда үш ауылға табиғи газ берілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және ауылдық елді мекендерді қолдау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары елімізде газдандыру көлемі едәуір артты. Әсіресе, шалғай ауылдарды табиғи газбен қамту – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің нақты көрінісі болып отыр.

Осыған орай, Ордабасы ауданында да тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жуырда Шұбар ауылдық округіне қарасты үш ауыл – Тоқсансай, Береке және Сарытоғай тұрғындары үшін тарихи күн болды. Бұл елді мекендерге алғаш рет табиғи газ берілді.

Ауыл тұрғындары үшін қуанышты сәтке арналған салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде бұл игілікті іске облыс әкімдігі мен мәслихат депутаттарының қолдауы зор болғанын атап өтті. Ал Дулат Әбіш табиғи газ тарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқанын жеткізіп, ауыл халқына ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде тұрғындар да алғысын айтып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.

Айта кетейік, 2021 жылы Ордабасы ауданындағы 25 елді мекенді газбен қамту мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Соңғы екі жыл ішінде нақты әрі жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауданда табиғи газға қосылған елді мекендер саны 36-ға жетіп, қамту көрсеткіші 15,7 пайыздан 63,1 пайызға дейін артты.

Келесі кезекте Шұбарсу ауылын газдандыру көзделіп отыр. Биыл бұл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, қалған елді мекендерде де тиісті жұмыстар жүргізіліп, екі жыл ішінде аудан толығымен табиғи газбен қамтылады деп жоспарлануда.

Табиғи газға қосылған ауылдарда енді тұрғындардың өз үйлеріне жеке қосылу жұмыстарын жүргізуі қажет. Осыған байланысты ауыл округтері әкімдіктеріне ұйымдастырушылық қолдау көрсету тапсырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *