Түркістан өнімдері – солтүстік жәрмеңкесінде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл еңбеккерлерін қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып келеді. Осы орайда елімізде өңіраралық кооперацияны жандандыру, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан облысы бұл салада жетекші өңір ретінде республикаға үлгі болып келеді.
1 маусым күні Көкшетау қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады. Осы мақсатта жалпы салмағы 200 тоннадан асатын азық-түлік өнімі тиелген керуен жолға шықты.
Керуенді шығарып салу рәсіміне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков, сондай-ақ 17 аудан мен қаланың жауапты өкілдері қатысты.
Жәрмеңкеде Түркістан өңірінің көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық, ет және қайта өңделген өнімдері ұсынылады. Бағалар нарықтан 15–20 пайызға төмен болады. Сондай-ақ, Түркістан өнерпаздары Көкшетау жұртшылығына арналған мәдени концерт ұйымдастырады.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикада көш бастап тұрған Түркістан облысы жалпы ауылшаруашылық өнімінің 13 пайызын өндіреді. Биылғы сәуір айының қорытындысы бойынша өңірде жалпы өнім көлемі 155,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,1 пайызға жетті.
Салаға тартылған инвестиция көлемі де артқан: ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 15,9 млрд теңге, ал тамақ өндірісіне 6 млрд теңге құйылып, тиісінше 1,3 және 2 есеге ұлғайған. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 124 млрд теңгеге 29 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 1651 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 896 мың гектар жерге егілді. Көктемгі дала жұмыстары уақытында басталып, қажетті жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш және тұқыммен толық қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысы көтерген су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі де ескерусіз қалмады. Бүгінде 59 мың гектар жерге бұл әдістерді енгізу жоспарланып, 16 мың гектарға енгізілді. Сонымен қатар, өңірден экспортталатын ет көлемі де жоғары – еліміздегі ірі қара мал еті экспортының 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы Түркістан өңіріне тиесілі.