Халықпен тиімді диалог: мәселе көтерілді, шешім қабылданды

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен ашық форматтағы кездесулер өткізіп жатыр. Бұл бастаманың басты мақсаты – қала тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселелерді бетпе-бет тыңдап, нақты әрі тиімді шешімдер қабылдау.

Кездесу қаланың әр аумағында, соның ішінде 52-мөлтек ауданнан бөлек, Алтынсарин көшесіндегі №11, 9, 7, 5, 3 көпқабатты тұрғын үй аулаларында өтті. Ашық диалог форматында өткен жүздесулерде қала тұрғындары инфрақұрылым, жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы, жарықтандыру, жылу мәселесі, аулаларды абаттандыру және ойын алаңшаларын салу сияқты маңызды тақырыптар бойынша өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесулер барысында көтерілген мәселелер жай ғана тыңдалумен шектелмей, әрқайсысы арнайы хаттамаға тіркеліп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілуде. Қала басшысы тұрғындарға барлық ұсыныстар мен өтініштер ескерусіз қалмайтынын, әрі атқарылатын жұмыстардың барысы туралы халыққа хабарланып отыратынын атап өтті.

«Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды. Біз қаладағы өзекті мәселелерді кабинетте отырып емес, халықпен бірге, көзбе-көз шешуге тырысамыз. Ашық диалог – сенім мен серіктестіктің негізі. Сондықтан осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, мәселелерді бірлесіп шешуге күш саламыз,» – деді қала әкімі Жандос Тасов.

Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстардың нақты мерзімдері мен жауапты мекемелері белгіленіп, қала бойынша кешенді іс-шаралар жоспары құрылып жатыр. Бұл тұрғындармен тұрақты байланысты сақтап, қаланы бірге дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Кездесулердің басты құндылығы – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мүдде аясында даму жолын бірлесіп айқындау. Қаланың әрбір аумағының мәселесі сол жерде шешімін табуы – жергілікті басқарудың ашықтығы мен тиімділігінің айғағы.

Мұндай ашық кездесулер қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімін нығайтуға зор ықпал етеді. Кентау қаласының болашағы – тұрғындармен бірлескен еңбекте.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *