Кентауда тұрғын үй қоры жаңғыртылып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Соның ішінде елді мекендердегі тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту, апатты үйлердің санын азайту мен көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Кентау қаласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала мен оған қарасты елді мекендерде тұрғын үйлерді жаңғырту (модернизация) жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша қазіргі таңда 383 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Оның ішінде қала аумағында – 324 үй, ауылдық елді мекендерде – 34 үй, коммуналдық меншікте 19 үй және апатты деп танылған 6 үй бар. Бүгінгі күнге дейін 288 көпқабатты тұрғын үй 7,41 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалып, толығымен жаңғыртылып, тұрғындарға заманауи тұрмыс жағдайы жасалды.

Ағымдағы жылы тағы да 38 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 1,69 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. 25 үйде күрделі жөндеу толық аяқталып, қабылдау актілері рәсімделіп жатыр. Қалған 13 үйде шатырлар мен кіреберістерді жөндеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Тұрғын үйлерді жаңғырту – бұл тек сыртқы келбетті жақсарту емес, сонымен қатар инженерлік жүйелерді қалпына келтіру, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің тиімділігін арттыру және қауіпсіздік пен өмір сүру жағдайын жоғарылату.

Көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары Кентау қаласында жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жайлы ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айтқандай, «Қалалар мен ауылдар тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын жасау – мемлекет алдында тұрған маңызды міндет». Осы орайда Кентау қаласының тұрғын үй қорының жаңғыртылуы – бұл тек құрылыс емес, тұрғындардың болашағына бағытталған нақты қадам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *