Ауыл шаруашылығын дамыту: өзекті мәселелер мен нақты шешімдер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мен ауыл шаруашылығын өркендетуді елдің ұзақ мерзімді стратегиялық басымдығы ретінде атап келеді. Бұл бағытта өңірлерге нақты міндеттер жүктеліп, ауыл экономикасының негізін құрайтын салаларға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы орайда бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын барысында аудан, қала әкімдіктерінің жұмыс нәтижелері сараланып, ауыл шаруашылығы санақ науқанына дайындық пен саладағы негізгі түйткілдер талқыланды.
Сондай-ақ, басқосу барысында өңірдегі индикаторлық жоспардың орындалу барысы сараланып, аудандар мен қалалардың көрсеткіштері талданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын цифрландыру, инвестиция тарту, жылыжай және қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту, техникамен қамту мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыбы ерекше назарға алынды. Су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстарының баяу жүріп жатқандығы Түлкібас, Бәйдібек, Келес аудандары мен Кентау қаласына қатысты сынға алынды.
– Бұл – тек бір өңірдің емес, бүкіл облысқа ортақ мәселе. Климаттың өзгеруін, судың тапшылығын ескере отырып, әрбір аудан нақты қадамдарға көшуі керек, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуы үшін тәжірибе алмасудың маңызы ерекше екені жиын барысында бірнеше рет айтылды. Облыс әкімінің орынбасары аудандар арасында өзара тығыз байланысты арттырып, озық тәжірибелерді бөлісуді ұсынды.
– Әр ауданның әлеуеті әртүрлі. Кейбір өңірлер жылыжай шаруашылығында көш бастап тұрса, енді бірі техникалық жарақтандыруда алда. Осы мүмкіндіктерді бір-бірімізбен бөліссек, бүкіл облыс ұтады, – деді ол.
Жиын барысында берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі де назардан тыс қалмады. Нұрбол Тұрашбеков басқарма мамандарына ғана емес, аудан әкімдерінің орынбасарларына да тікелей жауапкершілік жүктелетінін қатаң ескертті.
– Жыл басында бәріңіз жоспармен танысып, келісім бердіңіздер. Енді орындалмаған тапсырмаға себеп айту қабылданбайды. Кабинетте отырумен нәтиже шықпайды. Ауылдарды аралап, нақты жағдаймен танысыңыздар. Сол кезде ғана нақты шешім қабылдай аласыздар, – деді ол.
Жиынның соңында биылғы өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы сөз болды. Бұл санақ ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын бағалап, болашақ жоспарларды қалыптастыру үшін маңызды. Жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімі белгіленді.