Түркістанда халықаралық ІТ университеті ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім мен технология – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактор. Біз халықаралық стандарттарға сай университеттер ашып, жастарымыздың өз елінде сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет» — деген болатын.
Ел Президентінің бұл ұстанымы бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағытына айналып отыр. Осы мақсатта Түркістанда әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – «Woosong» халықаралық ІТ университеті бой көтеруде. Аталған жобаның жүзеге асуы өңірдің технологиялық және білім беру әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасындағы «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы Сонг Кён Ким мырзамен және қордың басқарма мүшелерімен кездесті. Екіжақты кездесуде Түркістан қаласында ашылатын халықаралық ІТ университетінің құрылыс барысы, оқу процесін ұйымдастыру, кадрлық қамтамасыз ету және әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бағытындағы нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Түркістанда ашылатын «Woosong» халықаралық ІТ университеті. Бұл жоба өңір үшін үлкен серпін береді. Қазір университеттің құрылысы 95 пайызға аяқталды. Әкімдік тарапынан барлық міндеттемелер жоспарға сай орындалып жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында аймақтағы білім беру инфрақұрылымын дамыту, заманауи оқу бағдарламаларын енгізу, Қазақстанның мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендіру жайы сөз болды. Университет 2025 жылдың 15 маусымында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жаңа оқу орны ІТ бағытында мамандар даярлауға бейімделеді. Университет құрамында келесі факультеттер болады:

  • Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау
  • Бағдарламалық қамтамасыз ету
  • Төртінші өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт)
  • Мультимедиа және веб-дизайн

Университет 2340 студентті қабылдай алады. Оқу орнының жанынан жеке кәсіпкердің қолдауымен 600 орындық жатақхана салынуда, бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонг Кён Ким өз сөзінде Түркістанда ашылатын университеттің өңірдің білім беру және технологиялық әлеуетін арттыратынына сенім білдірді.

– Біз Түркістандағы бұл бастамаға үлкен үмітпен қараймыз. Оқу процесіне әлемдік деңгейдегі профессорлар мен мамандар тартылатын болады. Біздің мақсатымыз – халықаралық стандартқа сай білім беруді жолға қою, – деді ол.

Аталған жоба Түркістан облысы әкімдігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан 100 білім грантын бөлу қарастырылуда. Бұл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *