Түркістан облысында балық шаруашылығы дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған жолдауында «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау» қажеттігіне арнайы тоқталып өтті.
«Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап» — деді ел Президенті.
Жолдау жүктеген міндеттер Түркістан облысында жоғары деңгейде жүзеге асып жатыр. Өңір кәсіпкерлері бүгінгі күні түрлі салаларды дамытуға ден қоя бастады. Соның ішінде тың саланың бірі балық шаруашылығына айрықша көңіл бөліп отыр.
Мәселен, Түркістан облысында жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде берілген жағдайда тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан аспақ.
Бүгінде өңірде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, облыста 2022 жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *