Ақерке «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты
Ақерке Пірназар Мұхтарқызы Бәйдібек ауданы Шаян ауылының тұрғыны. Ол биыл аудан орталығында орналасқан №19 колледжде «Бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған болатын. Қазіргі таңда Ақерке Мұхтарқызы «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығында» кадр жөніндегі маман көмекшісі болып жұмыс істеуде.
Елімізде «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – жастар практикасы азаматтардың жұмыс табуына септігін тигізуде. Жастар практикасы түлектердің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған.
— Оқуды бітірген соң жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында бағдарлама арқылы жұмысқа шақыру жөнінде хабарландыруды көріп, осындағы мамандардың көмегіне жүгіндім. Орталық мамандары маған бірнеше жұмыс орнын ұсынды.
Қазіргі уақытта өз мамандығым бойынша тәжірибе жинап, еңбекақымды алып жүрмін. Енді уақытша жұмыстан тұрақты жұмысқа орналасып, маман иесі атану үшін барымды саламын, — дейді Ақерке Мұхтарқызы.