Аягөз – ақ халатты абзал жан
Қалдыбек Аягөз Нұрғалиқызы 1997 жылдын 22 шілдесінде Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Абай атындағы мектеп-лицейде білім алған.
— Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Балалық шақтағы арман адамды алдамайды екен. Кішкентай кезімде қуыршақтарыма екпе егіп, оларды емдеп ойнайтынмын. Сондықтан, мектепті бітіргеннен кейін медициналық жоғары оқу орнына оқуға түсіп, өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын деп шештім, — дейді кейіпкеріміз.
Аягөз Қалдыбек мектепті бітіргеннен кейін қазақ медицинасының қара шаңырағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнының 2020-2022 жылдары “Жалпы тәжірибелік дәрігер” мамандығы бойынша интернатурасын, 2022-2024 жылдары “Ересектер және балалар психиатры” мамандығы бойынша резидентурасын тәмамдаған. Сонымен қатар2022-2024 жылдары Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында қызмет атқарған. Қазіргі таңда ол Түлкібас аудандық орталық емханасында психиатр болып жұмыс істейді.
— Жалпы дәрігер – өте абыройлы да жауапты мамандық. Өйткені, алдыңа келген науқастың өміріне дәрігер тікелей жауапты болып саналады. Біздің бірінші міндетіміз – адам өмірін сақтап қалу, оның бойындағы аурудың тарап кетуіне жол бермеу. Сондықтан, дәрігерлерге үнемі білімін толықтырып, тәжірибе алмасып отыру қажет, — дейді дәрігер Аягөз.