Түркістан облысы — туризмнің ордасы
Түркістан облысының барлық аймақтары тарихи және мәдени нысандарға, табиғи демалыс орындарына бай екені мәлім. Айталық Түркістан мен Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, ал, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі өркендеген. Оған қоса Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді.
Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» жобасын айтуға болады. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында салынып жатыр. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген. Бұл жоба Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдарға арналған. Жоба толығымен жүзеге асырылып, тау-шаңғы базасы мен курорт іске қосылған кезде мұнда 5000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы, 2025 жылға дейін Түркістан облысына келетін туристердің санын 2 миллионға жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа жетер болсақ, туризм саласы Түркістан облысы экономикасының драйверіне айналатын күн де алыс емес.