Түркістан қаласына ұзындығы 263,3 шақырым болатын кәріз желісі тартылуда

«Қалалардың инфрақұрылымын кешенді дамыту – халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың басты кепілі. Әсіресе тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін жол, су, электр және кәріз жүйелерін жаңғырту аса маңызды», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында. Бұл міндет бүгінде еліміздің барлық өңірінде нақты істер арқылы жүзеге асуда. Соның айқын мысалы – Түркістан қаласында атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар.

Қазіргі таңда Түркістан тек тарихи-мәдени орталық қана емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да серпінді даму үстінде. Соңғы жылдары қолға алынған ауқымды жобалардың бірі – кәріз жүйесін жаңғырту мен дамыту.

Жақында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кәріз жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарға арналған жиын өтті. Басқосуда мердігер ұйымдар есеп беріп, атқарылған істер мен өзекті мәселелер талқыланды. Қала басшысы құрылыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар беріп, мерзімінен кешіккен жұмыстарға төзбеушілік танытатынын қатаң ескертті.

2020–2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 263,3 шақырым болатын кәріз желілерін тарту жоспарланған. Жоба аясында 5 бірлік КОС (тазарту имараттары), 21 КНС (сорғы станциялары) және 4 шығын реттегіш құдығының құрылысы көзделген. Бұл шаралар қаладағы санитарлық қауіпсіздікті арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Кәріз жүйесі тартылған 159 көшеде асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Асфальт төселгеннен кейін қайта қазу жұмыстарына жол бермеу мақсатында абоненттік қосылымдарды қысқа мерзімде іске қосу тапсырылды. Қала әкімдігі құрылыс жүргізілген көшелерде жол жабындысын қалпына келтіру, шағал тас төсеу және абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды талап етіп отыр.

Қала әкімінің айтуынша, инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асуы Түркістанды жаңа деңгейге шығарады. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – әкімдіктің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан кәріз жүйесі сынды маңызды салада атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты бақылауда тұр.

Түркістан бүгінде өзінің тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи қалалық стандарттарға сай дамып келе жатқан аймақтық орталыққа айналды. Кәріз жүйесін жаңғырту бағытындағы ауқымды жобалар – шаһардың болашағын жарқын етіп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *