Қауыннан басқа да жемістен қақ жасайды
Кішкентай кезімізде ауылға барғанда апаларымыздың қолдары тілім-тілім болып қауын тіліп, қауынқақ жасайтынын көретінбіз. Алдымен қауынның қабығын аршып, дәнінен ажыратқаннан кейін қауынды жіңішкелеп алатын. Ол бес-алты күнде желмен, күнмен кебеді. Кепкен соң, жинап алып, қарбыздың суымен жуып, сосын өретін. Дәл осылай қауынқақ жасау тәсілі барша апа-жеңгелердің есінде болар. Кейін оны қаптап әкеліп, базарда сатушыларға әкеліп өткізетінін де ұмытқан жоқпыз. Айтайын дегенім, бұрын тек қауыннан жасалса, бүгінде адамның фантазиясы дамып, көптеген нәрселерді қолдан жасап шығарып жатқаны белгілі.
Енді бүгінде алма, банан, апельсин жемістерін қақтап өткізіп жатқан жандар бар екен. Феруза Басуова — Төлеби ауданы, Достық ауылының тұрғыны жеміс-жидек пастиласын жасап, табыс табуда. Шағын цехта қызы Камила екеуі бірігіп, осындай өнім түрлерін жасауда.
«Жемістерді күнге қатырып алдымен немерелерім үшін жасап көрдім. Ұл-қызыма, барлығына бұл қатты ұнады. Қызығып бастаған ісім табыс көзіне айналды. Сосын қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шындап кірістім. Ендігі жоспарым ет пастиласын жасау. Табиғи өнімге қызығушылық танытатын тұтынушылар аз емес», — деді Феруза Розматқызы.
Осы ретте айта кетейік, «Бір ауыл — бір өнім» жобасын жүзеге асу бойынша 60-тан астам өтінім қабылданып, тамыз айында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесі өткен болатын. Алдын ала құрылған жұмысшы топ көрмеге қатысушылардың өнімдерін бағалау арқылы 10 көрме үздігін анықтады. Көрме үздіктері өз өнімдерін бренд-комитет мүшелеріне таныстырды. Нәтижесінде 3 кәсіпкердің өнімі үздік деп танылды. Үздік үштік құрамына қатырылған жеміс-жидектер, пастилалар жасайтын Феруза Басуованың өнімі енді.
Төлеби ауданында жалпы саны 11 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ауданда кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Осылайша, «бақыттың кілті еңбекте» екенін түсінген Феруза апайдың еңбекқор отбасы өз еңбегінің жемісін көріп жатқаны баршаға үлгі.
«Атамекен» ұлттық палатасының мәліметтеріне сүйенсек, кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында жалпы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 376 кәсіпкерге 594 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 376 кеңес берілсе, өтінімдер бойынша сұранысқа ие кәсіби оқытулар ұйымдастыру бойынша 120 қыз-келіншек оқыту курстарынан өтті. Нақтырақ айтсақ, «Кондитерлік өнім өндіру» саласы бойынша 30, «Визажист» саласы бойынша 20, «СММ» саласы бойынша 20, «Тігін тігу» саласы бойынша 30, «Аспаздық» саласы бойынша 20 қыз-келіншек оқыту курстарын толық аяқтап, өз істерін табысты жүргізуде.