Түркияда қазақ әйелінің статусы жайлы диссертация қорғаған

Апаларымыздың «жұрттың қызы» деп тамсанатын қызы – осы Насиба дер едім. Әрдайым кітапханадан шықпай ізденіп, оқудан жалықпай, осындағы оқуынан кейін магистратурасын бітіріп, докторантурасын Түркияда жалғастырған Насиба Жунаева білім іздеген көптеген жастарға үлгі. Қазақ, түрік тілдерін туған тілімен қатар алып жүрген қыздың диссертациялық тақырыбы да елең еткізбей қоймайды, «Қазақ қоғамындағы әйелдің статусы және оның әдебиеттегі көрінісі». Яғни, еңбекте қазақ қоғамындағы және отбасындағы әйелдің орны, білімі, кәсіптік өмірі әлеуметтік тұрғыдан қаралып, статистикалық тың мәліметтер берілген. «Бақытсыз Жамал», «Ұлпан», «Қорғансыздың күні», «Шұғаның белгісі» романдары мен әңгімелеріндегі өзектілігін жоймаған әйелдер мәселесін ғылыми еңбегіне арқау етіп, сонау шетелде қорғаған Насибаның еңбегі біз үшін аса құнды.

«Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы –

Жаңа өспірім, көкөрім,

Бейне қолдың саласы.

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы» деп Абай атамыз жырлағандай, жылдар бойы және де шетелде алаңдамай оқып, көңілге тоқу үшін жақындарыңның қолдауы да ауадай қажет. Осы орайда Насибаның ата-анасы оқуына қарсы болмай, оған барынша қолдау білдірді. «Оқуына қарсы болмай» деуіміздің себебі, әдетте бізде қыздың теңін тауып, тезірек тұрмысқа беріп жіберетін отбасылар аз емес екені белгілі. Бұл жағынан Насибаның ата-анасы асықпады. Олар қыздарының асқақ арман-мақсаттарымен санасып, ғылым жолында өзіндік орнын табуына септігін тигізді. Отбасында төрт ұлдың ортасында мейірім мен жылулыққа қанып, еркелеп өскен бір түйір қыздың арманына қол жеткізуі үшін еш аянбады. Жалғыз қыз баланы алысқа жіберуге қорыққандарын жасырмағанымен, ықыласы мен көңілін де қимады. Осылайша кеше ғана қимай, ақ батасын беріп шығарып салған аяулы қыздары бүгінде Рhd докторы, қазақ-түрік университетінің белді түрколог маманы. Насиба өте тыңғылықты, жұмысына жауапты, өз мамандығын бар жанымен сүйетін қыз. Өте еңбекқор, адал, ұжымында сыйлы, беделді. Өзі де бүгінде көптеген жастардың білікті ұстазы, тәлімгері. Жас мамандарға өз тәжірибесімен бөлісіп, үйретуден жалықпайды. Әріптестері Насибаның ұжыммен жұмыс істеу ерекшеліктерін жоғары бағалайды. Ол өзін айналасына үнемі белсенді, өзіндік өмірлік ұстанымдары білікті маман ретінде танытып келеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *