Каринаның асханасындағы тағамның бәрі дәмді
Сарыағаш ауданының тұрғыны Карина Хачикова қазақстанда туып-өскенін мақтан тұтады.Жалғыз басты ана, мемлекет қолдауының арқасында жеке кәсібін ашып, ұннан жартылай фабрикат өнімдерін жасайды.Өзі қолмен қамыр жайып,түрлі ұлттық тағамдар әзірлейді. Аспаздың дәмі тіл үйіретін асын жұрт таласып алады.
Каринаның шағын ғана асханасында бүгін де қарбалас. Бір жағынан қамыр жайып екінші шетінен тұшпарасын түйіп жатыр. Өйткені тапсырыс көп. Аспаз ұннан бірнеше түрлі жартылай фабрикат өнімдерін жасайды.Түрлі тәттілер пісіреді. Дәмі тіл үйіретін өнімдерді жұрт сүйсініп жейді.
— 2023 жылы бізде 150 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Оған бір жылдың ішінде 1659 азамат өтініш білдірген. Комиссия қортындысымен біз 150 азаматты мақұлдап, қазіргі таңда өздері жаңа жұмыс орындарын ашып бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған мемлекеттік қолдаулар осылайша осал топ мүшелерінің көптеп кәсіп ашып, нәпақасын тауып жеуге негіз болуда, — дейді Сарыағаш ауданындағы «Мансап» орталығының мамандары.
Айта кетейік, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында биылғы бірінші тоқсанда қыруар жұмыстар атқарылды. Халықты жұмыспен қамту, кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік қорғау саласы бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп, 7 түйінді нысаналы индикаторлық көрсеткіш ойдағыдай орындалды.
Соның ішінде жұмыспен қамту мәселесінің жөні бөлек. Биыл облыста 140,2 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделуде. Оның ішінде 21,3 мың адамды оқыту бағыттарымен қамту, 118,9 мың жұмыс орнын «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ашу көзделуде. Ал, оның бағыттары қандай болмақ? Атап айтқанда, 74,1 мың адамды тұрақты жұмыс орындарына (43,3 мың бос және жаңа жұмыс орны, 22,6 мың жұмыс орын «10 мың тұрғынға 100 орын» бағдарламасы бойынша, 989 орын инфрақұрылымдық жобаларда ашылатын жаңа жұмыс орындары) жолдау жоспарлануда. Бұдан өзге 44,8 мың адам уақытша жұмыс орындарына (42,1 мың субсидияланған уақытша, 2,7 мың инфрақұрылымдық жобаларда ашылатын жұмыс орындары) жіберіледі. Ал, 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамалары үшін грант және шағын несие (1,8 мың адамға грант беру, 4,8 мың «Ауыл аманаты» аясында ашылатын жұмыс орны, 621 жас кәсіпкерге шағын несие) беріледі.